
2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,12 трлн теңгеден астам актив қайтарылды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат пен мүлікті іздеу жұмыстары ел ішінде де, шетелде де жүргізілуде.
Бұл мақсатта Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен, сондай-ақ халықаралық әріптестермен тығыз ынтымақтастық орнатылған. «GlobE», «CARIN», «ARIN» және басқа да бейресми байланыс арналары пайдаланылып, активтерді жедел анықтауға және қайтаруға мүмкіндік беруде.
Осыған ұқсас жұмыстар өңірлік департаменттер тарапынан да жүргізілуде.
Мысалы, Жетісу облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі білім беру саласындағы бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іске қатысты күдіктінің үйінде тінту жүргізу барысында шетелдік банктің реквизиттері көрсетілген қаржылық құжаттарды анықтады.
Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұрланған қаражаттың бір бөлігі көрсетілген шетелдік банктегі шоттарға аударылғаны туралы ақпарат алынды.
Кейіннен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің байланыс офицері «GlobE» халықаралық желісі арқылы шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, күдікті мен оның туысына тиесілі шоттар мен қаржылық операциялардың бар екенін растады.
Олар сондай-ақ ақша қаражатын алушы болған ҚР-ның резиденті емес тұлғаға қатысты деректерді ұсынды. Ақшалай қаражатқа тыйым салу және оларды кейін ықтимал тәркілеу мақсатында шет мемлекеттің құзыретті органдарына құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды.
Өзара іс-қимыл жалғасуда.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.
Жалпы, қаржылық тергеу жүргізу кезінде күдіктілердің туыстарына, сенімді адамдарға және жиі номиналды меншік иелері ретінде пайдаланылатын басқа тұлғаларға рәсімделген активтер тексеріледі. Әдетте, олар мүлік пен оны сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңды шығу тегін дәлелдей алмайды, ал олардың ресми табысы активтердің құнынан едәуір төмен.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа күдікті тұлға қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған автокөлік пен екі пәтерді жұмыссыз туысының атына рәсімдеген.
Шымкентте мемлекеттік қызметкер ұрланған ақшаға зайыбына электромобиль сатып алған.
Жетісу облысында жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде жалпы сомасы 2,8 млрд теңге болатын мүлік, соның ішінде ақша қаражаты, алты автокөлік және бір пәтер анықталып, тәркіленді.
Бұл – бірегей жағдайлар емес.
Мұндай барлық активтерге тыйым салынып, олардың тәркіленуі бойынша шешімді сот үкім шығарған кезде қабылдайды.
Активтерді іздеу, тыйым салу және қайтару бойынша жұмыстарды жүргізу барысында олардың түпкілікті меншік иелерін анықтау, қажетті мәліметтер мен дәлелдерді алу бойынша Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетімен және басқа да құқық қорғау органдарымен, соның ішінде шетелдік құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.
Мысалы, Активтерді қайтару комитетімен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен мемлекет пайдасына 5 млрд теңгеден астам қаржы, зергерлік бұйымдар және қымбат мүліктер қайтарылды.
Жүргізілген тергеу іс-шаралары мен жиналған материалдарды талдау барысында бұл активтердің сатып алыну көздерінің заңдылығына негізді күмән анықталды. Сондай-ақ олардың құны заңды табыс көлеміне немесе өзге де заңды қаржы көздеріне сәйкес келмейтіні анықталды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан тәркіленген барлық қаржы әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталуда.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы қайтарылған 153,3 млрд теңге есебінен 89 мектептің құрылысына қаржы бөлініп, нәтижесінде елдің түрлі өңірлері мен ірі қалаларында 100 мыңға жуық оқушы орны жасақталды.