
Жылыой ауданындағы Құлсары қаласындағы емханаға барар жол 2024 жылдың қараша айынан бері қоршаулы тұр. Бұған байланысты болып жатқан сот бірнеше айға созылған.
Дауға айналған жол қаланың "Бірінші" ықшам ауданында орналасқан. Жеке кәсіпкер Сұлушаш Исмағамбетова 0,06 жер учаскесін 2006 жылы сатып алған. Кәсіпкердің айтуынша бұрын ол жерде тұрғын үй болып, банкет залын салғысы келіп бұзып тастайды. Осыншама жылдар ішінде бұл жерге асфальт жол салынып, саябақ (бір бөлігі) бой көтереді. Тіпті қаладағы емхана да осы маңнан салынған болатын.
Аудандық әкімшілік пен жеке кәсіпкердің арасында жолға байланысты дау туып, айналғанда жеке кәсіпкер емханаға барар жолды қоршап тастайды. Осылайша емханаға барар жол жабылғасын, барлық көлік, жедел жәрдем машинасы бар ықшам ауданның ішкі жолдары арқылы баруына тура келіп тұр.
- Бұл мәселе осы кезге дейін қалай болып келді, неге бұл дау шешілмей тұр. Кім жауап береді,-дейді "АЖ"-ға хабарласқан тұрғын.
Аудандық әкімшілік жерді мемлекет мұқтажына сатып алу үшін 14,9 млн теңгеге бағалайды. Алайда бұл ақшаға жеке кәсіпкер келіспейді. Өткен жылы жерді мемлекет мұқтажына алу үшін аудандық әкімшілік Жылыой аудандық сотына жүгінеді.
- Өткен жылдың желтоқсанында сотқа берген болатынбыз. Жеке кәсіпкер бұл жерге 30 млн теңге сұрап тұр. Бірақ бағалаушылар 14 млн теңге деп шығарып беріп отыр. Сот қандай шешімге келеді, білмеймін. Үш айдан бері болып жатыр, ендігі сот отырысы наурыздың 27-сіне белгіленген. Негізі сот шешім шығарғанша кәсіпкер ол жердің қоршауын ала тұрса болады ғой. Қалай еткенде емханаға барар тіке жолдың ашық боғаны дұрыс еді,-дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрболат САРМАНОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА