Атырау, 19 наурыз 09:27
 ашықВ Атырау +15
$ 496.41
€ 542.77
₽ 6.05

​Емханаға барар жол жабық: Құлсарыдағы жағдайды сот шешеді

596 просмотра

Құлсары қаласындағы емханаға барар автокөлік жолы күзден бері жабық тұр. Өйткені жеке кәсіпкер өз иелігіндегі жерді қоршап қойған (суретте). Сол себептен таяқ тастам жердегі емханаға «жедел жәрдем» және жеке тұрғындардың көлігі «Бірінші» ықшам аудан үйлері арасымен айналма жол арқылы жетеді. 

Жеке кәсіпкер Сұлушаш ИСМАҒАМБЕТОВА бұл жеке тұрғындар мен науқас жандарға қиындық туғызып жүргенін жақсы түсінетінін жасырмайды. 

Анықталғандай, Исмағамбетова 2006 жылы «Бірінші»ықшам аудандағы №33а мекен жайындағы көлемі 0,06 га жер учаскесін сатып алады. 2007 жылы оның өтініші негізінде жер учаскесінің нысаналы мақсаты тойхана құрылысын салуға өзгертіледі.

- Жер учаскесі деп жүр, мен үй күйінде сатып алған болатынмын. Құлсары қала болуына байланысты үйімді банкет құрылысын жасауға өзгерттірдім. Сол кездегі қала әкімі Б. Жайсаңбаевтың шығарған шешімі қолымда. Бірақ кейін үш-төрт жыл бұрын басқа жерден шайхана ашып, шығып кеткен болатынбыз.

Сол кезде қала әкімі болған Шәкір КЕЙКИН келіп, біздің жеріміздің тас-талқанын шығарып, саябақ, автомобиль жолы салынды. Он үш жылдан қуынып жүрмін, амал жоқ өзіме тиесілі жер телімімді өткен жылдың қараша айында қоршап қойдым, оларға жалға алыңдар дедім, айына 1 млн теңгеге бағаладым. Ол жерден су желісі, жол өтіп жатыр, екі метр саябақ жері де менікі,-дейді С. Исмағамбетова. 

2023 жылдың 11 желтоқсанында аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ мемлекет мұқтажы үшін С. Исмағамбетованың жер учаскесін инфрақұрылым желілерімен (су құбыры, жол) беттесуіне байланысты мәжбүрлеп иеліктен шығару қаулысын шығарады. 

- Жер учаскесін мемлекет меншігіне сатып алу үшін 14 млн 900 мың теңгеге бағаладық. Алайда ол бағамен келіспей отыр. Амал жоқ, біз Жылыой аудандық сотына талап арыз беріп, екі тыңдалымы өтті. Соттың шешімі қаншалықты шығатынын білмеймін,-дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрболат САРМАНОВ.

Редакция жол жырының қорытындысы туралы оқырмандарын хабардар ететін болады. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

5 ақпан, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16