
5 наурызда түс ауа 15 шақты кәсіпкер «Global Stroy Astana» ЖШС мен оның еншілес ұйымы «Арал сервис» ЖШС-на қатысты мәселені шешуге көмектесуді талап етіп, облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналды. 2017 жылдан бері Атырау облысының қосалқы мердігерлері 2018-2020 жылдары заңды күшіне енген сот шешімдеріне қарамастан орындаған жұмыстарының ақысын ала алмай жүр.
Біз бұл оқиға туралы бірнеше рет жазғанбыз. 2021 жылы облыс әкімдігі мәселені шешуге уәде беріп, бұл мәселені дөңгелек үстелдерде әлденеше рет көтеріп, «Global Stroy Astana» басшылығымен бейнебайланыс арқылы хабарласқан еді. Сол кезде іс алға жылжитындай болған. Бірақ бәрі сол күйінде қалыпты.
Олар бұған дейін 28 ақпанда Нұрсаядағы Салтанат сарайының алдында митинг өткізуге өтініш бергенімен, қала әкімі Шәкір КЕЙКИН шараны өткізуден бас тарту туралы қаулы еткен. Қала әкімінің орынбасары Мейіржан МҰҚАСОВТЫҢ жауабында бейбіт жиындар туралы хабарлама іс-шараға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі тиіс екендігі айтылған.
«Заңның 14-бабының 1-бөлігінің 4-тармағы негізінде, егер бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы хабарлама беру мерзімін бұзса, митинг өткізу туралы өтінішті қанағаттандыру мүмкін емес», - деп жауап берді Мұқасов.
Сот шешімдері бар, бірақ төлем жоқ
Бүгінге дейін Атырау және Алматы соттары борышкерлерге қатысты 150-ден астам талап арызды қараған. 32 қосалқы мердігерге жалпы қарыз 504 миллион теңгеден асады.
– Барлық сот шешімдері сонау 2018-2020 жылдары заңды күшіне еніп, жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындауға жолданған. Алайда борышкер әлі күнге дейін сот шешімін елемей отыр, - дейді кәсіпкерлер.
2021 жылы Құлсарыда бас тапсырыс беруші «Gaz Stroy Montazh KZ» ЖШС және «Global Stroy Astana» ЖШС өкілдерімен кездесу өтіп, онда қарызды кезең-кезеңмен өтеу ұсынылды. Жұмыс жобаларға бөлініп, қарыздың 50%-ы мөлшерінде төлем жасалып, содан кейін үш жақты келісім жасау арқылы борышкердің шоттарынан тыйым алынып тасталуы тиіс еді.
Шартқа сәйкес қосалқы мердігерлер жобалар бойынша мына жұмыстарды аяқтады:
1. Теңіз-Құлсары су құбыры (негізгі тапсырыс беруші – «Теңізшевройл»).
2. Атырау-Кеңқияқ мұнай құбыры, Шманов атындағы МАС (негізгі тапсырыс беруші – «Мұнай Тас»).
3. Исатай КҚК (тапсырыс беруші – КҚК).
Кәсіпкерлердің айтуынша, «Теңізшевройлдың» қатысуының арқасында бірінші жобаға ғана төлем жасалған, ал қалған жобаларға ақыры ақша төленбеген.
– Қаншама ереуіл мен митингке шыққаннан кейін, мемлекеттік органдарға толассыз жүгінгеннен кейін «Теңіз-Құлсары» су құбыры жобасы бойынша (тапсырыс беруші - «Теңізшевройл») ғана бережақ өтелді. Дегенмен, басқа «Атырау-Кеңқияқ мұнай құбыры, Шманов атындағы МАС» және «Исатай КҚК» жобалары бойынша төлем ақыры жасалмады, – деп атап өтті облыс әкімдігі маңында наразылық білдірушілер.
– Елде шағын кәсіпкерлердің құқықтары қорғалмаса, экономика дамымайды. Осыны жеті жылдан бері сезіп келеміз, - дейді кәсіпкер Ақмарал ДӘУЛЕТБАЕВА. – Кәсіпкер болғаныма жиырма жылдан асты. Бұдан басқа, екінші топтағы мүгедекпін, бірақ инженер-жобалаушы болып жұмыс істеймін, сонымен қатар арнайы жабдықты жалға беріп, отбасылық кәсіппен айналысамын.
Біз өз ісімізбен айналысамыз, жұмыс істейміз, бірақ үкіметтен ешқандай қолдау көрмейміз. Сонда бұл елде жұмыс істеудің не керегі бар? Сотта жеңіске жетсең де ештеңе өзгермейді. Сот орындаушыларының нақты әрекет ету тетіктері жоқ.
Басқа елдерде мемлекет кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды қатаң қадағалайды, ал бізде сот шешімдерінің маңызы жоқ. Оларды тек дәретхана қағазының орнына ғана қолдануға болатын секілді.
Мемлекет не істейді?
«Ақ Жайық» биліктің бұл мәселені неліктен әлі күнге дейін шеше алмай отырғанын және кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін қандай шаралар алмақшы екенін түсіну үшін облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен түсініктеме сұрады.
Баспасөз хатшысы Руслан ЖҰМАҒАЗИЕВ ақпаратты нақтылайтынын айтты. Алайда материал жарияланған кезде ешқандай жауап болмады.
Ал, кәсіпкерлер мемлекет басшысы ретінде араласуын талап етіп, тікелей Қазақстан президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА жүгінбек. Олар нақты әрекет ету жоспарын тыңдау үшін облыс әкімімен жеке кездесуді талап етуде. Жиналғандар 2023 жылдың шілде айында әкім облыс прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВҚА мәселені шешуді тапсырғанын еске алды. Алайда мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.
– Неліктен елімізде борышкерлердің есепшотын бұғаттаудан басқа механизм жоқ? Неліктен кәсіпкерлер өздеріне төленбеген жұмыс үшін салық төлейді? 540 миллион теңгеден астам қарызы бар борышкер неліктен бостандықта жайбарақат жүр?
Жеті жыл үміт. Жеті жыл күту. Жеті жыл әрекетсіздік. Жеті жыл бір біріне сілтеу.
Біз барлық инстанцияларға ондаған өтініш жолдадық, бірақ олардың бәрі прокуратура мен әділет департаментіне кері жолданады, ол жақтан жай ғана сырғытпа жауаптар келеді.
Біз билікпен бетпе-бет кездесуді талап етеміз! Өтініштерімізді бір органнан екіншісіне сілтей салуды доғарыңыздар! – дейді кәсіпкерлер.
Кәсіпкерлер өз кезегінде 20 наурызда өтетін жаңа акцияға дайындалуда.
Айнұр САПАРОВА
Автордың видеосы
В Атырау -1