Атырау, 27 желтоқсан 08:24
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қосалқы мердігерлердің ашу-ызасы - 2

Сурет Бейнежазба
1 712 просмотра

4 тамызда «Global Stroy Astana» ЖШС-нің 10 шақты қосалқы мердігері қайтадан облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналды. Олар өздерін алданғандай сезінеді: бірнеше күн бұрын ЖШС басшысы Нұрлан МАЗҒАЛИ олармен бережақ мәселесін шешу үшін Атырауға келемін деп уәде беріп, бірақ келмеген.

Біраз уақыт кіре берісте тұрған кәсіпкерлер үш жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық-құқықтық дауға жергілікті билік пен уәкілетті органдардың назарын аудару үшін ішке кірді. Еске салсақ, олар 2018-2019 жылдар аралығында орындалған жұмыс үшін ақшасын ала алмай келеді.

Нұрлан Оразғалиев сол жақтағы үшінші

Бұл жолы олармен облыс әкімінің орынбасары Қайрат БЕКЕНОВ кездесті. Кездесуге «Арал Сервис» ЖШС заңгері Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ та шақырылды. Одан басқа бұл жолы кездесуге тапсырыс берушілер мен мердігерлердің ешқайсысы қатыспады.

«АЖ»-ның оның мәртебесін нақтылау өтінішіне Оразғалиев «Арал Сервис» «Global Stroy Astana» ЖШС-нің мердігері деп жауап берді. Оған сондай-ақ «Global Stroy Astana» компаниясы басшысының «отбасылық себептерге» байланысты Алматыдан ұшып келе алмағаны белгілі екен.

- Біз «Global Stroy Astana»-мен бірлесіп жұмыс жасай бастадық, өйткені біз арнайы техниканың жоқтығынан жұмыс көлемін өз бетімізше атқара алмадық, ал оларда арнайы техника бар. Өз кезегінде «Global Stroy Astana» қосалқы мердігерлермен келісімшартқа отырды, қазір оларға бережақ болып қалды. Орындалған жұмыстарды салыстыру актілеріне қол қойып, ақшаны төлеуге уәде беріп отыр. Қазір «Global Stroy Astana»-да ақша жоқ, себебі біз оларға бережақпыз. Ал біз өз кезегімізде «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС-нен ақша ала алмай отырмыз, - дейді Н.Оразғалиев.

«Арал Сервис» ЖШС - бас мердігер «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС-нің қосалқы мердігері. Белгілі болғандай, қазір «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС-нің «Арал Сервиске» 2019 жылы орындалған екі жоба бойынша 1 миллиард теңгеден астам қарызы бар. Бұл «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбыры учаскесі реверсінің бірінші кезеңі (тапсырыс беруші – «Солтүстік-Батыс құбыр желісі компаниясы» ЖШС) және «Құлсары-Теңіз су құбыры құрылысы» (тапсырыс беруші - «Магистральный водовод» ЖШС, құрылыс жобасын «Теңізшевройл» қаржыландырады)

Н.Оразғалиевтың айтуынша, «Арал Сервис» ЖШС-нің атқарған жұмысы үшін тапсырыс берушілер өз мердігері «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС-не ақшаны уақытында төлеген, ал олардың қайда кеткені жұмбақ күйде қалып отыр.

- Енді біз «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС-іне осы миллиардтан астам теңгені сот арқылы төлетуіміз керек, бірақ ол жерде мемлекеттік баж салығы 30 миллион теңгеге дейін шығады, ал бізде ондай ақша жоқ. Компания қазір өз қызметін уақытша тоқтатты, тіпті, өз қызметкерлеріне жалақы төлей алмайтын жағдайда. Мені қосқанда төрт қызметкерден басқасының бәрін дерлік ақысыз еңбек демалысына жіберді. Біз қашықтан жұмыс жасаудамыз, - дейді Н.Оразғалиев. Бұл кездесуге ол «Арал Сервис» ЖШС атынан әкімге және жобаларға тапсырыс берушілерге орындаған жұмыс үшін «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС-ін ақы төлеуге мәжбүрлеуді сұраған үндеу хат әкелді.

 

Әкім орынбасары Қайрат Бекенов кәсіпкерлерді тыңдаған соң, бүкіл тапсырыс берушілер мен мердігерлердің, сондай -ақ қосалқы мердігерлердің қатысуымен тағы бір кездесу өткізуді ұсынды.

Аяқталған соң Бекеновтың тапсырмасымен кездесуге қатысушылардың барлығы, қосалқы мердігерлер мемлекеттік еңбек инспекциясының облыстық басқармасына жиналды. Сол жерде «Global Stroy Astana» ЖШС басшысы Атырауға 13 тамызда келеді деп келісті. Бірақ бұл қандай нәтиже береді?

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

5 тамыз 2021, 16:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.