Атырау, 10 наурыз 1858
 ашықВ Атырау -2
$ 494.84
€ 537.40
₽ 5.58

Жыр болған Атырау-Индер жолы: тұрғындар мердігерді ауыстыруды талап етеді

Бейнежазба
603 просмотра

«Атырау-Индер» тас жолының жыры бітер емес, мердігер жұмысы шала-шарпы. Облыс әкімшілігі мен тапсырысшы дәрменсіздік танытып, жергілікті халық қайта-қайта наразылық танытумен келеді.

2024 жылы жолдың 117-167 шақырымы аралығында 50 км жолды орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін конкурс қорытындысымен 5 млрд 666 млн теңгеге «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС тендер ұтып алды. Мердігер өткен жылы 25 км жолды жөндеп тапсыруы қажет еді. Алайда әп дегеннен мердігердің жұмысы жанданбай кері кетті. 

ЖШС алдымен 25 км жолдың жабындысын түгел қырып тастады. Бірақ оны тегістеп асфальт төсеу тым ұзаққа созылып, жергілікті халық қайта-қайта реніш білдіріп, «АЖ» редакциясына шағымданды. 

Тағы бір ескерілуі тиіс қосымша айналма жол салу қаралмаған, сметада Махамбет көпірі арқылы «Атырау-Орал» жолы барлығы ескеріліпті. Сонда жобалау сметасын жасағандар не қарағаны белгісіз. Мәселен, аудан орталығы мен Бөдене ауылының арасы 17 км, егер Атырау-Орал жолымен ауданға барса екі көпірден өтіп, шамамен 200 км жол жүруі тиіс. Тиімсіз жобаға халық сын айтқасын қосымша жол салынғанымен онысы да оңбады.

- Мердігер тарапынан жолды жасауда көп кемшіліктерге жол берілді, сапа дегенді ұмытты. Тіпті бақылаусыз қалғандықтан цементтер қолды болып, тіпті сатылып жатты. Техника мен адам күшінің жетіспеуінен мердігердің ісі алға басудың орнына кері кетті. Айналғанда жамау-жамау жолдан Бөдене, Жарсуат, Ақтан, Құрылыс, Қызылжар ауыл тұрғындары зардап шекті. Көліктері  істен шығып, тіпті апатты жғдай орын алды. Құзырлы орындар тарапынан мердігер жұмысына бақылау болған жоқ, біздің ескертпемізге олар құлақ аспады, - дейді жергілікті тұрғындар.

2024 жылдың күзінде мердігерді өзгерту жөніндегі халық талабына облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-не 10 күн уақыт беретінін, өзі бақылауға алатынын, егер жұмысын жасай алмаса, қатаң шара қолданатынын айтқанымен, онысы орындалған жоқ. 

Тіпті мердігер, облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ержан  ХАЙНОЛЛАЕВ мердігер графиктен қалыс қалса, екіарадаға келісімшарт бұзылатынын жеткізді. 2024 жылдың қазанында аудан тұрғындарымен кездесуге келген облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ «бізге сапасыз жол керек емес. Осы кездесуден кейін мұқият тексеруге тапсырма беремін» деген болатын. Бірақ бұдан кейін де еш өзгеріс болмады, дейді тұрғындар.

МЕРДІГЕР ӨЗГЕРТІЛЕ МЕ?

Е. Хайноллаев  «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-нің есепшотына 2024 жылы 1 млрд 500 млн теңге аударылып, 20 км жолдың бір қабаты жасалғанын, екінші қабаты биыл жасалады деді.

Алайда жергілікті тұрғындар 20 км жолдың жасалғанын жоққа шығарып, тіпті жергілікті тұрғындар қаншалықты жөндеу жүргізілгені жөнінде «АЖ» редакциясына видеосын жіберген болатын:  «Міне, Индербор кентінен шығып, газопровод мекемесі тұсынан жол жабындысын қырған, 10,3 км жолдың бір слойы ғана төселген. Оның өзі де тесіліп, шұңқыр болып жатыр», - дейді видеожазбада.  

Жұртшылықтың биыл қандай жұмыстар атқарылады деген сұрағына орай:

- Биыл «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС 50 км жолды аяқтауы тиіс. Ал тағы бір 50 км жолдың орташа жөндеу конкурсы өтіп, оның жеңімпазы анықталды, ол маңғыстаулық «МКДСМ» ЖШС. Ол жобаға бюджеттен 7 млрд теңге ақша қаралған. Сонда биыл Атырау-Индер жолының 100 км жолының жұмысы аяқталады деп отырмыз,-дейді Е. Хайноллаев.

Алайда жергілікті тұрғындар мердігерді өзгерту жөнінде талабын тағы қайталауда.

-«ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС өз жұмысын атқара алмады. Енді олардың қалған 25 км жол жабындысын қыруына мүлдем қарсымыз. Алдымен өткен жылдан бастаған жұмысын аяқтап тапсырсын. Олай етпесе халық наразылығын тудырады,-дейді Жарсуат ауылының тұрғыны Байғали УТЕМАНОВ.

ЖОЛ ТӨСЕМІНЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Жергілікті халық асфальттың беткі қабатынан алынған қалдықтары сатылуда дейді. Ол қалдықтар біткен жолдың жиегіне төгілуі тиіс емес пе, деп наразы болуда.

- Бүлінген жолдар болса, ЖШС қайтадан жасайтын болады. Ал асфальт қалдықтарының сатылуына қатысты, оны аудандық ІІБ бақылауға алатын болады, - деп қосты Е. Хайноллаев.

Еске салайық, 2024 жылдың қазан айында жөнделіп жатқан жол ойылып, жеңіл көлік шұңқырға түсіп кеткен болатын. Бағына орай, ешкім зардап шеккен жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Автор түсірген және тұрғындар жолдаған суреттер мен бейнежазбалар


29 қаңтар, 13:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16