Атырау, 22 қараша 20:29
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атырау-Индер жолын салушы мердігерге ультиматум қойылды

Сурет
574 просмотра

Индерліктердің «Атырау-Индер» автомобиль жолына байланысты наразылығынан кейін облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан ХАЙНОЛЛАЕВ халықпен жүздесті.

Естеріңізге сала кетейік, индерліктер ауыл тұрғындары мен жүргізушілерге қолайсыздық тудырып жатқан жол құрылысының ұзаққа созылып жатқанына шағым айту үшін жиналған болатын. Қазіргі уақытта автомобиль жолында айналма жолдардың бірнешеуі бар. Бұрқылдаған топырақ аспанға көтеріліп, қою шаңнан қарсы беттегі көлікті көрсетпейді. Тіпті жайсыз жолдың кесірінен бұзылып істен шыққан көліктер жолда қаңтарылып тұр. Бір водовоз су сеуіп жүргенімен ол да жарытымсыз. Жеңіл көліктер борпылдақ топырақ жолда қиналып жүреді.   

Кенттің кіреберісіндегі «Индербор» деген тақта тұсына халық жинала бастады. Асфальт зауытының істен шығуына байланысты үш күннен бері асфальт келмеген.

Кездесуге келген облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мердігер мекемеге тиісті:

- Осы жағдайға әкеліп тұрсыңдар ғой, орташа жөндеу баяғыда жасап тастайтын жұмыс. Жолдың жабындысын түгел қырып тастамай, біртіндеп жүргізулерің керек еді. Біз  енді нақты шешімге келуіміз керек, күз келді, алдымыз болса қыс. Мердігер мекеме басшысы қайда? 25 км автомобиль жолының асфалт жабындысын алып тастадыңдар, енді не істемекшісіңдер? Жұмысты қашан аяқтайын деп отырсыңдар? Қолыңызда жоспар бар ма?

- Жұмыс жасалып жатыр ғой. Биыл 50 км жолдың орташа жөндеуін қарашаның 20-нда толық аяқтаймыз деп отырмыз,-деді «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-нің учаске бастығы Өтесін АБИШЕВ.

- Жұмыс мардымсыз, көңіл көншітпейді. Бөдене, Жарсуат, Құрылыс, Ақтан, Қызылжар ауылдарына барсаңдар халық зар жылап отыр, дәрі-дәрмек, азық-түлік, басқа да керек-жарағымызды осы аудан орталығынан тасимыз. Бір шарасын алмаса халық қиналып отыр, айналма жолдың түрі мынау. Су да шашпайды, бос топырақта көліктеріміз жүре алмай қиналамыз. Мердігер мекеме сенбі, жексенбі күндері жұмыс жасамайды. Күз де келді, жұмысты жеделдетпей ме, егер жұмысын жандандырмаса компанияны өзгерту керек. Тапсырысшы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қатаң қадалауға алғанда мұндай айқай-шу болмас еді, - дейді Мағзом ЖАНАЛИСОВ, Байғали УТЕМАНОВ, Байжан ШЫҢҒАЗИЕВ.

- Мұның шарасын аламыз, Сіздерден кешірім сұраймыз. Атырау-Индер жолының бір бағытын ашуымыз керек, жүк көліктері «Атырау-Орал» жолымен жүретін болады, ал жеңіл көліктердің жүруіне рұқсат береміз. Бұл жерге күнде келемін деп айта алмаймын, бірақ өзім қатаң бақылауға аламын. Мердігер мекеме «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-нің жұмысын қалыпқа келтіруіне он күн рұқсат береміз, 5 қазанға дейін. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының міндетін атқарушы осы жерде екі күн болып, мердігердің жұмысын бақылауға алады, егер жұмысын жүйелі жүргізе алмаса, онда бір шешімін аламыз, - деді Қ. Нұртаев.

- ...Су тасқынына байланысты жұмыс кеш басталды, сол себептен мүмкіндік берейік. Егер графиктен ЖШС жұмысы қалыс қалса, онда мердігермен келісім шартты бұзамыз, - деді тапсырысшы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Е.Хайноллаев.

Бұдан кейін Қ. Нұртаев облыстық ДП басшылығына ауыр жүк көліктеріне тыйым салу, мердігер мекемеге жұмыс қолын көбейту қажеттігі жөнінде тапсырма берді.

«АЖ» анықтамасы: «Атырау-Индер» жолының орташа жөндеуіне бюджеттен 5 млрд 666 млн 335 мың теңге қаралды. Конкурс бойынша ұтып алған «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС 50 км жолдың жөндеуін 2024-2025 жылдары атқаруы тиіс. Биыл 1 млрд теңге бөлініп, 25 км аяқтап тапсыруды міндетіне алды.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор   

1 қазан, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.