Атырау, 22 қараша 20:19
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

​«Атырау-Индер» тас жолында индерліктер наразылық танытты

Сурет Бейнежазба
913 просмотра
Байжан ШЫҢҒАЛИЕВ (ортада)

«Атырау-Индер» тас жолында ондаған индерлік азамат наразылық танытты. Ашынған жұртшылық жолды жөндеуге алған мердігер мекеменің жұмысына сын айтып, жергілікті әкімдіктің әрекетсіздігін жеткізген болатын.

Наразылық танытушылар «АЖ» тілшісімен тілдеспестен бұрын шаңға көміліп, топыраққа батып жатқан көліктердің видеоларымен таныстырды. Көкала шаң, борпылдақ топырақ біраз көлікті істен шығарыпты.

Еске салсақ, бұдан екі ай бұрын облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» тас жолының 117-167 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмысы басталған болатын. Конкурс қорытындысымен 5 млрд 666 млн 335 мың теңгенің жұмысын «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС жеңіп алды.

9 қыркүйекте «АЖ»-ға берген сұхбатында тапсырысшы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек МУХАНБЕТАЛИЕВ жұмыстың қалыпты жүріп жатқанын, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы керек екенін айтқан болатын.

Облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» автомобиль жолының 167-117 шақырымы (Индер-Ақжайық ауылы аралығы) 15 мамырдан 31 желтоқсанға дейін жабық екені жөнінде белгілер қойылған. Алайда жүргізушілер бұл жолды әлі де пайдаланады.

Бұл тас жол бойында Индер ауданына қарасты Бөдене, Жарсуат, Құрылыс ауылдарымен қоса Қызылжар, Ақтан елді мекендерінде мыңдаған халық тұрады.

- Өткен жылы аудан әкімі жол жөндеуден өтеді дегенде қуанып қалып едік, себебі қазан шұңқырлардан жүру мүмкін болмай қалған. Тіпті «КамАЗ» көлігінің жүргізушілері бірігіп, қаржы жинап, өздерінше асфальт сатып алып құйған болатын. Бірақ ол да әйдімге жарамады, жол-көлік оқиғасы жиі орын алды, қаншама жеңіл көлігі барлар зардап шекті десейші. Қазіргі мекеменің жұмысына қанағаттанбай отырмыз, міне сағат 10-нан асты жұмыс жасап жатқан адам көрінбейді. Жұмыстарын жасасын, болмаса мердігерді ауыстырсын, бізге жүйелі іс атқаратын мекеме керек. Ашынғаннан осы жерге жиналып тұрмыз, шарасын алсын тездетіп, - дейді зейнеткер, Бөдене ауылының тұрғыны Байжан ШЫҢҒАЛИЕВ.

- Екі ай болды жол жөндеу жұмыстарының басталғанына. Содан бері бар жоғы екі км ғана жерге асфальт төселді. Ал жоба бойынша 50 км жол жөндеуден өтуі тиіс. 25 км жолдың асфальт жабындысын қырып тастаған болатын. Бірақ шектеулерге қарамастан осы қырылған жолдың үстінен жүк тиеген «КамАЗ», шахман, фуралар күні-түні жүріп жатыр. Оны тоқтатын ешкім жоқ, мердігер мекеме біздің қолымыздан келмейді, тоқтата алмаймыз дейді. Осының салдарынан төселген цементтер далаға ұшып, жасамай жатып, ойылып тесіліп жатыр, бұдан жұмыста қайдан сапа болады. Жолымыз дұрысталады десек, бұрынғы күйімізден айырылып қалып жатырмыз. Бұл жөнінде облыс, аудан басшылығына шағымдандық, бірақ еш шара алынбай отыр. Айналғанда жолдың жайсыздығынан ауыл мен аудан арасына жүретін таксилер бағаны өсіріп жіберді, бұрын бір кісіге 600 теңге болса, енді 800-1000 теңгеге дейін шарықтап кетті. Оларды да түсінуге болады, айналма жолдың жайсыздығынан топыраққа батып, көліктері жиі істен шығып жатыр. Айналма жол салып, асфальт қалдығын төккенімен, ауыр жүк көліктері өткеннен кейін жармасыз болып, жеңіл көліктің жүруіне қиындық туғызады. Айналғанда ауыл халқы зардап шегіп отыр,-дейді Жарсуат ауылының тұрғыны Байғали УТЕМАНОВ.

- Бүгінгі жиналып тұруымыздың себебі жан айқайымызды жеткізгіміз келеді. Алдымыз күз жаңбырлы, қысымыз қарлы боран. Сонда ауыл адамдары ауданмен қалай қатынайды, науқас жандар не істейді, басқа күнделікті шаруалар бар. Айналма жолдың түрі мынау, жеңіл көлік қазір топыраққа батып жатыр, балшық пен қарда қалай жүреді, - дейді Айтөре есімді жігіт.

Алпысбай АЙТҚАЛИЕВ өзінің жеке кәсіпкер, жолаушыр тасымалдаумен айналасатынын, ауыр жүк көліктерін неге тоқтпайтынын, неге дәрменсіздік танытып отырғанына таң қалды.

Ашу-ызалы халық осылайша мұңын жеткізіп тұрғанда, мердігер мекеме басшылығы да көрінді. «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС директорының орынбасары Серікқали АҚАНҰЛЫН ортаға алған көпшілік сұрақтарын жаудыртты.

- Жұмыс қашан басталуы тиіс?

- Жоқ, 9.00де басталады. Сіздер келеді деп күтіп отырмыз.

- Сонда халық осы жерге жиналатынын біліп, жұмысты бастамай отырсыздар ма? Бізге несіне қарап отырсыздар?

- Неге жол жиегі жұмысы жасалып жатыр ғой.

- Жол жиегі емес, асфальт керек, қайда? Неге төселмей жатыр?

- Асфальт зауыты бүгін бұзылып, әкеле алмай отырмыз.

«АЖ» тілшісі осы жерге келген тапсырысшы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер басқармасының бөлім басшысы Нұржау МАРАТОВҚА бірнеше сұрақ қойды:

- Жұмыс жүріп жатыр, негізі келісім шарт бойынша жөндеу жұмысы 2024 жылдың мамырында басталып, 2025 жылы аяқталуы тиіс. Биыл 25 км асфальт төсеу жұмысына 1 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Күні бүгінде 1,8 км жол жұмысы толық бітіп тұр. Биыл тек 25 км жұмысы аяқталуы керек, келесі жылы күн жылынғанда жұмыс жалғасын табады. Күн суытқанша мердігер жұмысын тоқтатпайды, -5 градуста тоқтатылады, - деді ол.  -Жалпы «Атырау-Индер» тас жолын орташа жөндеуге байланысты айналма жол қарастырылмаған, себебі баламалы жол бар. Алыста болса да Жайық өзенінің келесі жағындағы республикалық «Атырау-Орал» трассасы. Махамбеттен көпір арқылы өтіп ауданға қатынай алады.

...Біз заң аясында жұмыс жасап отырмыз, дегенмен мердігер мекеменің күшімен айналма жолды жасап, су шашып тұр ғой.

Есептеп көрдік, аудан орталығы Индербор кенті мен Бөдене ауылы арасы 17 км. Егер Махамбет көпірі арқылы республикалық «Атырау-Орал» трассасы арқылы ауданға қатынаса, барып-келуі 400 км шығады екен.

Екі сағатқа созылған наразылық соңында жиналған көпшілік бір апта ішінде талаптары орындалмаса, «Атырау-Индер» жолын өздері жабатынын мәлім етті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаларды түсірген автор

30 қыркүйек, 12:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.