Қырғызстанда көлік салығы жойылып, салық амнистиясы жарияланды. Жарлыққа президент Садыр Жапаров қол қойды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Ақ Жайық vesti.kg басылымына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жарлықтың мазмұнын қарапайым азаматтарға түсінікті болсын деп түсіндірді.
«Мен көлік құралдарына салынатын салықты толығымен алып тастау туралы бұйрық беріп, тиісті Жарлыққа қол қойдым. Мұндай шешім «Жол қоры туралы» заңға әр литр жанар-жағармай үшін бір сомнан өндіріп алуды көздейтін өзгерістердің күшіне енуіне байланысты. Енді көліктерден салық алынбайды, оның орнына 1 қаңтардан бастап автокөлікке құйылған бензин немесе дизель отынының әр литрі үшін бір сом алынады.
Сондай-ақ 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін көлік салығын төлемеген азаматтарды салықтан босатуды (рақымшылық жасауды) тапсырдым. Мұндай төлемақы төлеушілер өте көп екені белгілі болды. Мемлекет үшін үлкен қиындықтарға қарамастан, біз осындай шешім қабылдадық. Сондай-ақ заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін жинақталған барлық қарыздарын кешірдік. (2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңдегі салықтар тексерілмейді), - деп жазды президент.
Ол сондай-ақ ETTN бойынша жұмыс тобының құрылғанын айтты. Олар бір ай ішінде өз ұсыныстарын ортаға салады.