Атырау, 10 қаңтар 02:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.75
€ 540.60
₽ 5.12

«Атырау-Жарық» қыста жарық неге сөндірілетінін түсіндірді

192 просмотра

Атырау қаласы тұрғындары соңғы кезде электр жарығының  күнде сөнетінін жиі сынға алады. 

Қала тұрғыны Гүлнар ТҰРҒАЛИЕВА Геолог, Жұлдыз және Бірлік ықшамаудандарында электр энергиясының өшуіне байланысты шағым білдірді. Оның айтуынша, қыстың суық күндерінде сағат 16:00-ге дейін жарықтың болмауы жылу қазандықтарының сөніп, үйлердің суып кетуіне себеп болып, балалардың салқын тиіп ауруына қауіп төндіріп отыр.

"Егер балалар ауырса, оған кім жауапты болады? Жұмыстар неге жаз, күз айларында жасалмайды?" – дейді ол.

"Атырау Жарық" АҚ мекемесінің хабарлауынша, электр энергиясын уақытша өшіру жоспарланған жұмыстарға байланысты орын алып отыр. Күзгі-қысқы дайындық кезеңі аясында электр желілерін жаңғырту, жөндеу және апатты жағдайлардың алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар жылдар бойы бекітілген инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылып келеді.

Мекеменің мәліметінше, қазіргі уақытта қалалық әкімдікпен бірлесіп, апатты жағдайдағы 32 шақырымдық электр кабельдерін жаңасына ауыстыру жұмыстары атқарылуда. Соның ішінде, 2025 жылдың 9 қаңтары күні сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін Геолог, Мирас және Бірлік ықшам аудандарындағы кейбір көшелерде электр энергиясын өшіру қажеттілігі туындаған. Қазіргі кезде осы жұмыстардың бір бөлігін аяқтап, жоғары кернеудегі электр станциясына қосу кезеңіне жетіп тұр.

"Атырау Жарық" өкілдері атап өткендей, мұндай ауқымды жұмыстар қыстың қатты суық күндерінде электр желілерінің істен шығуын болдырмауға бағытталған. Осы себепті күн райының салыстырмалы түрде жылы уақыттарын тиімді пайдаланып, қажетті жөндеу және жаңғырту шараларын жүргізіп жатыр.

- Жаз мезгілінде Нұрсая ықшам ауданында 10 мың шақырымдық 10 кВ электр кабельдері ауыстырылып, күзде іске қосылған. Нәтижесінде, Нұрсая тұрғындары сапалы электр энергиясын тұтынып, шағымсыз өмір сүруде, - деп түсіндірді «Атырау-Жарық» өкілдері.

Қосымша трансформатор станциялары да орнатылуда

Сонымен қатар қаланың электр энергиясы тапшылығын жою мақсатында, әкімдік қолдауымен 30 жаңа трансформатор станциясын орнату бағдарламасы аяқталуға жақын. Сәйкесінше, осы трансформатор станцияларын жоғары кернеу электр желілеріне қосу үшін де Мечникова, Пушкин және басқа көшелерде де электр энергиясы уақытша сөндірілуі мүмкін.

Қала тұрғындары электр жарығының уақытша өшуіне шағымданып жатқанымен, "Атырау Жарық" бұл жағдайды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болды деп түсіндіреді. 

- Тұрғындардан мекемеге өз қызметіне немқұрайлы қарау немесе қолайсыз атқару деген сияқты басқа да айыптар тақпауды сұраймыз, - деп жауап берді «Атырау Жарық» мамандары.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Кеше, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.