Сенат депутаты Әлібек Нәутиев мұнай-газ саласының өзекті мәселелерін, келешегі зор даму жоспарларын, сондай-ақ шешуді талап ететін тақырыптарды Ембімұнайгаз компаниясының басшылығымен талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенатор алдағы жұмыс барысында газ өндіру және салық саясаты мәселелерімен қоса саладағы жағдайды жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірленетінін атап өтті.
Депутат «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» республикалық кәсіпорнының қызметімен де танысты. Зауыт бекіре шабақтарын теңізде өсірумен айналысады. Бірақ сенатор атап өткендей, өткен жылы су тасқынына байланысты жоспарланған меже орындалмады. Осыған байланысты кәсіпорынның тиімділігін арттыру үшін қайта құру жұмыстары қолға алынуы керек.
Сенатор Махамбет ауданына сапар барысында Алға және Таңдай ауылдарындағы қазіргі уақытта 65%-ға аяқталған жағалауды нығайту жұмыстарының барысын тексерді. Ол Алға ауылындағы құрылыс жұмысы мерзімнен артта қалғанына тоқтала келіп, оны қысқа мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.
Әлібек Нәутиев жергілікті тұрғындармен кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне жақында берген сұхбатына жан-жақты тоқталды. Онда Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын аяқтау үшін шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. Сенатор тұрғындардың Таңдай ауылындағы спорт кешені мен жолдарды жөндеу мерзімдерін кешіктіруге қатысты алаңдаушылығын тыңдап, мердігерлердің жауапкершілігін күшейту шараларын, оның ішінде жосықсыз компанияларды болашақ тендерге қатысушылар қатарынан шығаруды ұсынды.
Депутат кездесу қорытындысы бойынша парламенттік қызмет аясында айтылған мәселелерді шешу бойынша жұмысты жалғастыру және өңірдегі өмір сапасын арттыру мақсатында салалық мекемелермен өзара іс-қимылды өрістетуге ниетті екенін атап өтті.