Атырау қалалық сотында талап қоюшы Т.-ның жауапкер Д.-ға жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Іс материалдарына сәйкес, жауапкер Д. Атырау қаласында талап қоюшы Т.-ның кәмелет жасына толмаған баласын өз көлік құралымен қағып кетіп, нәтижесінде талап қоюшының баласының денсаулығына жеңіл зиян келтірілген.
Талап қоюшы Атырау қаласында тиісті мамандардың жоқтығына және Астана қаласына сапардың қажеттілігіне сілтеме жасап, соттан жауапкерден баланың денсаулығын қалпына келтіруге байланысты залалды өтеу туралы талабын қанағаттандыруды сұрады.
Сотта тараптар татуласып, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді.
Келісім шарттары бойынша жауапкер талап қоюшыға зиянды өтеу есебіне 300 000 теңге төлеуге міндеттенді, талап қоюшы талабынан бас тартты.
Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.