Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров салық жүйесін реформалауға бағытталған Жарлыққа қол қойғанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZINFORM.
- Құрметті қырғызстандықтар! Мен салыққа байланысты Жарлыққа қол қойдым. Қарапайым азаматтарға ұғынықты болу үшін оның мазмұнын түсіндіріп берейін. Мен автокөлікке салынатын салықты толықтай алып тастау туралы тапсырма бердім және тиісті Жарлыққа қол қойдым.
Бұл шешім «Жол қоры туралы» заңның күшіне енуімен байланысты. Аталмыш құжат жанармайдың әр литрінен 1 сом алым алуды көздейді. Көлік құралдарынан салық алынбайды.
Оның орнына 1 қаңтардан бастап көлікке құйылған бензин мен дизельдің әр литрінен 1 сом алынады, - деп жазды Қырғыз басшысы Facebook-тегі парақшасында.
Сондай-ақ ол 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін автокөлік салығын төлеп үлгермегендерге рақымшылық жасалатынын мәлім етті.
- Ондай салық төлеушілер айтарлықтай көп болып шықты. Мемлекетке ауыртпалық тудыратынына қарамастан, осындай шешім қабылдадық.
Сондай-ақ біз заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін жиналып қалған салық қарызын кешірдік. (2022 жылдың 1 қаңтарына дейінге кезеңдегі салық төлемдері тексерілмейді), - деп жазады Садыр Жапаров.
Ел президенті фермерлерді жер салығынан босату туралы мораториді 2030 жылға дейін ұзартқанын мәлім етті.
- 2030 жылға дейін жер суару мәселесін шешеміз. Негізгі және қосалқы суару арналарын салып, қолда барын аршып, тазартамыз. Жалпы фермерлердің су мәселесін шешеміз. Осыдан кейін барып қайтадан салып жинауды бастаймыз. Бірақ мемлекетті салықтың арқасында ұстап, нығайтуға болатынын естеріңізге саламын, - деп жазады көрші елдің президенті.
Айта кетейік, Қырғызстанда жемқорлыққа қарсы жаза күшейтілді.