Атырау қаласының тұрғыны Сейт Жұмыров әлеуметтік желіде патрульдік полиция қызметкерлерінің айналма жолдарда күн сайын түрлі себептермен көліктерді тоқтатуын сынға алды. Оның айтуынша, мұндай жағдай Атыраудан басқа қалаларда кездеспейді, сондықтан бұл әрекеттің себебін түсінгісі келеді.
Полицияның әрекетіне заңды негіз бар ма?
Атырау облыстық полиция департаменті бұл мәселе бойынша ақпарат беріп, патрульдік қызметкерлердің көлік құралдарын тоқтатуы Қазақстан Республикасының “Жол жүрісі туралы” 2014 жылғы 17 сәуірдегі №194-V заңына сәйкес жүзеге асатынын атап өтті. Заңның 52-бабында көлік тоқтатудың 9 түрлі негізі көрсетілген:
1. Жол жүру ережесін бұзу;
2. Айдап әкетілген немесе қылмысқа қатысты көліктерді іздеу: айдап әкетілген, ұрланған көлік құралдарын, сондай-ақ жүргізушілері жол-көлік оқиғалары, көлік құралдарын пайдаланумен байланысты өзге де қылмыстар болған жерден қашып кеткен көлік құралдарын іздестіру жөніндегі жұмыс;
3. Осы Заңның 54-бабы 3-тармағының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда көлік құралын беру қажеттігі;
4. Құжаттарды тексеру: стационарлық полиция бекеттерінде, сондай-ақ жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде жүргізушінің осы Заңның 54-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген құжаттарын тексеру;
5. Жүк құжаттарын тексеру: полиция бекеттерінде және бақылау-өткізу пункттерінде тасымалданатын жүк құжаттарын тексеру. Арнайы іс-шараларды жүргізу кезеңінде тасымалданатын жүк құжаттарын тексеру мақсатымен көлік құралдарын полиция бекеттерінен тыс жерде тоқтатуға жол беріледі;
6. Қозғалысты шектеу немесе тоқтату: уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың қозғалысты шектеу немесе оған тыйым салу туралы шешімдерін орындау;
7. Сауал қою қажеттілігі: жүргізушіге және (немесе) жолаушыға (жолаушыларға) өздері куә болып табылатын жол-көлік оқиғаларының, әкімшілік құқық бұзушылықтың, қылмыстың жасалу мән-жайлары туралы сауал қою қажеттігі;
8. Жол қозғалысын реттеу:
9. Шетелдік көлік құралдарын тексеру: басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген көлік құралының осы Заңның 65-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін тексеру.
- Атырау қаласындағы басты көшелердің бірі саналатын Сатпаев, Азаттық даңғылы бойындағы көлік ағынының тығыздығына байланысты кептелістің алдын алу мақсатында Патрульдік полиция қызметкерлерімен үздіксіз жол қозғалысын реттеу бағытында қызмет атқарады. Бұл ретте қала аумағында орналасқан бейнебақылау камералары және "Қорғау-сергек" бағдарламалық кешені көмегімен іздестірудегі немесе құқық бұзушылыққа жол берген көлік құралдарын жоғарыда аталған негіздерге сүйене отырып тоқтатып, тиісті шаралар қабылдайды, деп нақтылады полиция департаментінен.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ