7 қаңтар күні Индер ауданы Елтай ауылынан 4 айдан бері ұшты-күйлі жоғалып кеткен ер адам өлі табылды.
1971 жылғы З. К. өзінің иелігіндегі "Лада" көлігімен 2024 жылдың тамыз айының аяғында Жайық өзенінен балық аулауға кетіп, үйіне оралмаған еді. Содан бері ТЖ, полиция, туыстары бірнеше күндеп іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сүңгірулер де өзенге бірнеше рет түсіп таппады. Тіпті туыстары далалықтан да іздестірген еді. Күн суытып, өзенде мұз қатқаннан кейін іздестіру жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын.
Жақында мал бағып жүрген адам Елтай ауылының тұсындағы өзеннен қарайған көлікті байқап, дереу хабарлайды. Құтқарушылар мен бірнеше адам мұзды ойып, техниканың көмегімен көлікті судан шығарғанда, оның ішінен айлап жоғалып кеткен адамның денесі шықты.
Марқұм түн ортасында балыққа келгенде, тік жардан көлігімен өзенге құлап кетуі мүмкін деген болжам бар.
Өткен жылы да осы ауылдан тағы бір адам балыққа кетіп, кейін бірнеше айдан кейін көлден өлі денесі табылған болатын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА