
Қызылқоға ауданындағы "Жангелдин-Миялы" бағытындағы көпір уақытша пайдаланылуға берілді.
Ауданның кіре берісіндегі бұрынғы көпірдің аты бар да, заты жоқ болатын. Сол себептен "Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер" жолын байланыстырып тұратын жаңа көпірдің құрылысы басталған болатын. Алайда су тасқыны кезінде құрылыс жұмысы кідіріске ұшырады. Айналма жол салынып, су толған кезде қайықпен де қатынауға тура келді.
- Ауданның бір бөлігінде бес округ пен елді мекен халқы Миялыға жете алмай әуре болатын. Көктемде су тасығанда қатынас қиындап, амалсыз қалтылдаған қайыққа тәуелді болатын едік, - дейді жергілікті тұрғындар.

Су тасқыны кезіндегі кідіріс пен оны құрғату жұмысы біраз уақыт алғанымен мердігер "АтырауИнжСтрой" ЖШС жалпы ұзындығы 54,2 метр болатын көпірді уақытша пайдалануға берді. Мердігер күн жылынған соң асфальт төсеу жұмысын жүргізбекші.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА