Атырау, 8 қаңтар 02:18
 ашықВ Атырау -4
$ 527.30
€ 544.86
₽ 4.95

​HMPV вирусы жаңа туған нәрестелер мен егде жастағы адамдар үшін қауіпті

431 просмотра
Көрнекі сурет

Қытайда метапневмовирус өршіп барады, деп хабарлайды 24kz

Жұқпалы ауру жаппай тарап жатыр. Әсіресе, балалар арасында дендеп тұр. Қазір барлық аурухана күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Кейбір әлемдік БАҚ жаңа қауіпті вирустың шыққаны туралы жарыса жариялап жатыр.

Қытайда тұмау өршіп тұр. Әсіресе, елдің солтүстік бөлігінде, яғни, суық аймақтарда ерекше көп тіркелген. Вирус көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар арасында аса көп таралуда. Ауруханаларда кезек қалыптасып, дәрігерлердің көмегіне жүгінушілер күннен күнге артып келеді. Ал енді Қытайда белгісіз қауіпті вирус таралды деген ақпар ресми жарияланып, нақты деректермен қуатталған жоқ. Бірақ елде метапневмовирус өршіп тұрғаны рас.

Бұл дерт медицина тілінде HMPV деп аталады. Алайда бұл жаңа вирус емес. Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының қызметкерлері мәліметіне сүйенсек, бұл аурудың қоздырғышы әлемде 60 жылдан бері таралған. Бірақ ғалымдар тек 2000 жылдары ғана зерттеп, анықтаған көрінеді. Қытайлық сарапшылардың айтуынша, бұл жаңа қауіпке жатпайды. Бұрыннан белгілі вирус. Метапневмовирустың белгілері тұмауға ұқсас. Бас ауырады, жөтел, мұрын бітеледі, шаршау, температура көтеріледі.

Негізінен жеңіл түрде өткенімен дер кезінде емделмесе, арты түрлі асқынуларға алып келуі мүмкін. Әсіресе, жаңа туылған нәрестелер мен егде жастағы иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті. Халықаралық The Lancet Global Health журналының мәліметіне сай, 2018 жылы дүниежүзінде 5 жасқа дейінгі 14 млн-нан астам бала осы вирусты жұқтырған. 600 мыңдай науқас аурухана жатқызылып, 16 мыңдай адамның өліміне алып келген. Бұған қытайлық дәрігерлер халықты бей-жай қарамауға шақырып отыр. 

Дегенмен, дәл қазіргі уақытта Қытайда тіркелген науқастардың 99%-і тұмаудың А типі H1N1 түріне шалдыққан. Бұл ауа райының суықтығымен және маусымдық кезеңмен байланыстырылып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштің шарықтау шегі емес. Аурудың бұл түріне шалдыққандар қаңтар айының соңына қарай бұдан да көбейе түсетіндігін айтып жатыр.

Бүгінгі күнге дейін инфекцияның қанша адамнан анықталғандығы, адам өлімі жайында ресми ақпарат жоқ. Қытай билігі бұл жөнінде тіс жармай отыр. Алайда педиаторлық-амбулаторлық көмекке сұраныс артқан. Ауруханаларда ұзын-сонар кезек қалыптасты.

6 қаңтар, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.