Украина президенті Владимир Зеленский америкалық блогер Лекс Фридманға берген сұхбатында Киевке Ресей агрессиясына тойтарыс беруге көмектесіп жатқан Батыс елдеріне қарата бірқатар сыни мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Зеленский әлемдегі ең ірі державаларды, АҚШ пен Ұлыбританияны сынға алды. Олар 1994 жылы Ресеймен бірге Будапешт меморандумына қол қойып, Украинаның аумақтық тұтастығына кепіл берген. Зеленский Украина оларға "бәрібір" болды деп айыптады.
"Оның қауіпсіздікке кепіл емес екенін қазір түсініп тұрмыз, – деді Зеленский. – Мұны ойлап тапқан барлық адамды тауып, жай ғана түрмеге қамау керек… Донбасс пен Қырымның бір бөлігі басып алынғаннан кейін Украина ел қауіпсіздігіне кепіл болғандарға, Будапешт меморандумының барлық мүшесіне үш рет ресми хат жолдады… Сол хаттарға біреу жауап берді ме? Жоқ. Неліктен? Себебі [оларға] бәрібір".
Зеленский енді Украинаға соғысты тоқтату үшін "қауіпсіздікке кепіл қағаз жүзінде ғана" болмауы керек деді. Оның сөзінше, Ресейді әскери тұрғыдан тежеу қажет.
Украина президенті былтыр АҚШ-тың жаңа президенті болып сайланған Дональд Трамппен Будапешт меморандумы туралы сөйлескенін айтты.
"Бұл әңгімені әлі аяқтаған жоқпыз, оны жалғастырамыз", – деді Зеленский. Ол "Путин Трамптан қорқады" деп санайды. Зеленскийдің сөзінше, Ресей басшылығы Украина аумағын "басып алуды" аяқтау үшін оны Америка президентімен дауластырғысы келеді.
Зеленский АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігін де сынға алып, Ресей әскері Украинаға басып кірген кезде Вашингтон Киевке қажетті әскери көмек көрсетпеді деп айтты.
"Біз көмек алған жоқпыз. Бірақ айтылған сөздерді көмек деп санайтын болсақ, онда оны көп алдық. Өйткені тым көп сөз айтылды", – деді Украина басшысы.
Зеленский Ресеймен бітім туралы келіссөз шарттары жайлы сұрақтарға жауап бергенде Владимир Путинді "саңырау" деп атады және онымен "тек күш көрсетіп сөйлесу керек" деді. Ол Украинаны Путинмен "достастыруға" тырысқан Америкадағы истеблишмент өкілдерін айыптады.