Apple компаниясы Siri дауыстық көмекшісі пайдаланушының құпиялылығын бұзды деген айыппен топтық шағымды реттеу үшін 95 млн доллар төлеуге келісті, деп хабарлайды KAZINFORM.
Fox Business мәліметінше, Apple өнімдері Siri дауыстық көмекшісін байқаусызда іске қосқаннан кейін жеке сөйлесулерді үнемі жазып алатынын мәлімдеген мобильді құрылғы иелерінің шағымы Калифорнияның Окленд штатындағы федералды сотына берілді.
Сондай-ақ, сотта әңгімелердің мазмұны үшінші тұлғаларға, соның ішінде кейбір пайдаланушылардың сөйлесулеріне бейімделген жарнама берушілерге қолжетімді болды деп хабарланды.
Екі талапкер «Air Jordan» кроссовкалары мен «Olive Garden» мейрамханалары туралы әңгімелесу кейіннен олардың осы брендтер туралы мақсатты жарнама алуына әкелгенін мәлімдеді.
Тағы бір адам дәрігермен жеке сөйлескеннен кейін фирмалық хирургиялық емдеу туралы хабарландыру алғанына шағымданды.
95 млн долларлық өтемақы — соңғы қаржы жылында шамамен 93,74 млрд доллар таза кіріске ие болған Apple компаниясының 9 сағаттық табысына тең.
Forbes мәліметінше, топтық шағымды Siri қолдайтын Apple өнімдерінің иелері түсірді, оған 2024 жылдың 17 қыркүйегі мен 2024 жылдың 31 желтоқсаны аралығында сатып алынған iPhone, iPad, Apple Watch, MacBook, iMac, HomePods, iPod touch және Apple TV құрылғылары жатады.
Apple бұған дейін 2019 жылдың тамыз айында кешірім сұрап, Siri бағдарламасын уақытша тоқтатқан болатын. Компания сапаны бақылау мақсатында пайдаланушылардың шешімі бойынша аудио жазбаларды сақтамаумен қоса, өзгерістер енгізуге уәде берді.
2019 жылдың қазан айына қарай «iOS 13.2» нұсқасының шығарылымымен Apple тұтынушыларға Siri тарихын жоюға және аудио жазбалармен бөлісуден бас тартуға мүмкіндік беретін параметрлерді енгізді.
Адвокаттар 28,5 млн долларға дейінгі гонорар, сондай-ақ сот шығындары үшін 1,1 млн доллар талап етіп отыр.
Калифорния штатындағы Сан-Хосе федералды сотында Google дауыстық көмекшісі пайдаланушыларының атынан ұқсас сот ісі қаралып отыр. Google ісі бойынша шағымданушыларды Apple ісіндегідей заң фирмалары ұсынған.
Технологиялық алпауыт Amazon да өзінің дауыстық қызметіне қатысты осындай айыптауларға тап болды.