Облыс тұрғындары «Атырау-Құрманғазы-Атырау» бағытындағы автобустарға билет сатылымын реттеуді талап етуде.
Бұл жолаушыларға айтарлықтай қолайсыз болып тұр. Айтуларынша, автобус билеттерін тек Атыраудан ғана алуға болады, әлі күнге дейін онлайн сатып алу мүмкіндігі жоқ, бұл ауданнан шығатын жолаушыларға қиындық туғызуда.
Атыраудан Құрманғазыға жаңа бағыт ашылғаннан кейін жағдай күрделене түскен. Бұл билеттердің тапшылығына әкелді: жолаушылардың көбі билет сатып ала алмайды. 4 қаңтар күні кешке автовокзалда ығы-жығы болды - адамдар топырлап кезекке тұрып, орын үшін жанжалдасып, көпшілігі жол жүруден бас тартуға мәжбүр болды. Салдарынан кейбіріне сол күні кешкісін жол ақысы 4000 теңгеге жеткен таксиге отыруға тура келді.
Тұрғындар рейс санын көбейтуді, билеттер сатуды Атырауда ғана емес, Құрманғазыда да ұйымдастыруды, сондай-ақ онлайн сату жүйесін енгізуді талап етуде. Бұл адамдардың топырлап жиналмай, жол сапарын бәріне қолжетімді етугн мүмкіндік берер еді.
Бұл проблема өзекті күйде қалып отыр, жолаушылар автопарк ахуалды жақсарту үшін шара алады деп үміттенеді.
Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Марат ХАСАНОВ тұрғындардан кешірім сұрап, қазіргі уақытта Құрманғазыда Атырау – Құрманғазы – Атырау бағыты бойынша билетті жүргізушіден ғана алуға болатынын айтты. Атырауда билеттер уақытша теміржол вокзалының жанындағы автовокзал кассасында сатылуда.
— Құрманғазыны билеттерді онлайн сату алаңына қосуға өтінім берілгенін хабарлаймыз. «Ақжайық автопарк» ЖШС мәліметінше, жүйе 15 жұмыс күні ішінде іске қосылады. Мереке күндеріне байланысты жолаушылар легінің көптігі байқалады. Сондай-ақ, жарыстарға қатысу үшін Атырауға баратын спортшыларды автобустар тасымалдайды. Оларды тасымалдау алдын ала берілген жазбаша өтінімдер негізінде ұйымдастырылады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз! Алдағы уақытта билеттерді электронды сату жүйесі енгізіледі, - деп жауап берді ол әлеуметтік желіде.
Еске сала кетейік, 16 желтоқсаннан бастап «Атырау-Құрманғазы-Атырау» бағыты бойынша сыйымдылығы 53 орындық жолаушылар автобусы жүре бастады. Жол ақысы 2 мың теңге. Балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 50% жеңілдік қарастырылған.
Автобус Атырау автовокзалынан сағат 07:00, 12:00, 19:00, Құрманғазыдағы «Қазақтелеком» кеңсесі ғимараты жанынан сағат 06:00, 11:00 және 17:00-де шығады. Бұл бағыт бойынша жауапты компания - «Ақжайық автопарк» ЖШС қызмет көрсетеді.
Айнұр САПАРОВА