Атырау, 7 қаңтар 15:59
 ашықВ Атырау -4
$ 527.30
€ 544.86
₽ 4.95

Атыраулық бапкер болашақ чемпиондар​ды үйінің бір бөлмесінде дайындауға​ мәжбүр

Бейнежазба
540 просмотра

Джиу-джитсудан жаттықтыратын атыраулық танымал бапкер Тыныс БИСАЛИЕВ спортқа қызығушылығы бар балаларды Бірлік мөлтек ауданындағы өзінің жекеменшік үйінде жаттықтыруға мәжбүр. Жақында ол жас спортшылар үйінің бір бөлмесінде қандай жағдайда дайындалып жатқаны жөнінде видео жариялады. 

Бапкердің айтуынша, ол балаларды жаттықтыру үшін мемлекеттен тегін спорт залдарды ала алмай келеді. Қаладан жеке спорт залдарды жалға алуға тырысқанымен, жалға алу ақысы да ата-аналардың қалтасына ауыр тиеді.  

- Бұған дейін жеке залдарды арендаға алып жұмыс жасап көрдім. Менде жаттығатын балалар Бірлік ықшамауданында тұратындықтан, оларға қалаға барып дайындалу қашық. Одан бөлек, жалға алу ақысы бар. Біздің Бірдік ықшамауданында спорт басқармасына қарасты спорт кешені бар. Алайда ол жерге бізді орын жоқ деп кіргізбейді. Спорт секциялардың бәрі кешкі 18:00-ден кейін аяқталады. Бізге кешкі сағат 19:00-ден кейін болса да жаттығуға мүмкіндік берсе, Бірліктегі спорт кешені балаларға жақын әрі ыңғайлы болар еді, - дейді бапкер. 

Айтуынша, бүгінде Бірлік ықшамауданында спортқа деген құштарлығын тоқтатпай, джиу-джитсуға шын ықыласпен жаттығуға келіп жүрген қырыққа жуық бала бар. Балалардың болашағы мен денсаулығы үшін жергілікті биліктен осы мәселені шешіп беруді сұрайды.

Спорт басқармасынан анықтағанымыздай, бапкердің мемлекеттік спорт кешеніне кіріп, балаларды жаттықтыруына оның бұрынғы өмір жолында соттылығы болғаны кедергі келтіріп отыр. 

Айта кетейік, Тыныс Бисалиев джиу-джитсудан және грепплинг күресінен әлем және Азия чемпионы. Оның бұған дейін жаттықтырған спортшылары ҚР чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған. 

- Бірлік ықшамауданындағы ата-аналар қазіргі кезде балаларын маған жаттықтыруға бергісі келетіні жөнінде қол хат дайындап, зал бөлу жөнінде мемлекеттен қолдау сұрағалы жатыр, - деді Тыныс Бисалиев.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

5 қаңтар, 16:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.