1975 жылдан бері бейімделген мекемеде орналасып, қызмет көрсетіп келген балалар үйіндегі күрделі жөндеу жұмысы аяқталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов пен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.
Балалар үйінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасылардан шыққан сондай-ақ туғаннан бастап 4 жасқа дейінгі ақыл-ойы және дене бітімінде кемістігі бар кішкентайлар тәрбиеленеді.
Мекеме 40 орынға арналған. Оның жартысы күндізгі сауықтыру бөлімі үшін берілген. Қазіргі уақытта орталықта 11 бала тәрбиеленіп жатыр.
- Кішкентайларымызға арналған орталық заман талаптарына сай жабдықталды. Мұнда балалар үшін бар жағдай жасалды. Балапандар білім мен тәрбиені қатар алып жүрер елдің азаматтары болып өсе беруіне тілекшіміз. Келер жылымыз жақсылығымен келсін, - деді облыс әкімнің орынбасары Дарын ШАМҰРАТОВ.
Айта кетейік, 2024 жылы орталыққа 21 бала қабылданып, 29 бала шықты. Оның ішінде 20 бала өз отбасына оралса, жетеуі қамқоршылыққа берілген. Ал екі кішкентай басқа білім беру ұйымына ауысты.
Нысан облыстық құрылыс,сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы аясында жаңғыртудан өтті.
Еске сала кетейік, облыстық мамандандырылған балалар үйі күрделі жөндеу кезінде уақытша облыстық фтизиофульмонология санаториясының корпусында болды.