28 желтоқсан күні Жылыой ауданының бір топ тұрғыны Жем өзенінің арнасын кеңейту жұмыстарына наразылық танытып, шарасыздықтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА үндеу жолдады.
Ақкиізтоғай, Қарағай, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылының бір топ тұрғыны Жем өзенінің кеңейту жұмысының бейберекетсіз жасалып жатқанына наразы. Жергілікті әкімдіктен күдерін үзген тұрғындар Президент пен облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТЕН бұл жұмысты дереу тоқтатуын талап етуде.
- Өйткені қазіргі жасалып жатырған жұмыс бізді қанағаттандырмайды. Тек өзеннің екі жағын топырақпен үйіп жатыр, оны нығыздап жатқан жоқ. Бос топырақ желмен ұшып, жайылымдық жерді бүлдіріп, экологиялық зардаптар туғызуда. Тасқын су қарқынмен келсе, бос топырақ қорған болмайды. Онда биылғыдай Құлсары халқы топан судың астында қалады. Сол себептен бұл жасалып жатырған жұмысқа тереңірек назар аударып, қадағалауын талап етеміз, -дейді үндеу тастаушы топ.
Бұдан бұрын да ауданның кейбір шаруалары өзектерді бітеп, суаттар қалдырмай отырғанын айтқан болатын. "АЖ" тілшісі аудан әкімдігі мен ауыл тұрғындарының кездесуіне арнайы барып та келді. Екі жақ біразға дейін ортақ келісімге келе алмай, ақыры аудан әкімшілігі тұрғындардан қолхат талап еткен болатын.
- Қолхатты жазып береміз, амал жоқ. Жем өзенінің арнасын кеңейтіп жатыр, өзеннің екі жағына топырақ үюде. Ол топырақтың биіктігі 6-10 метрге дейін жетеді. Мал өзенге бара алмайды. Біріншіден, топырақ үйіндісіне шығып өзенге бару мүмкін емес, екіншіден, ол биік. Көктемде ол балшыққа айналып, мал батады. Сол себептен биіктеу жерден суат қалдыруын сұрағанбыз. Олар бізден егер суаттың тұсынан су кетіп, қала халқы топан судың астында қалса (қалмай-ақ қойсын), сендер жауап берсеңдер болды, ол үшін қолхат беріңдер,-деді тұрғындар.
Осылайша әлі күнге ортақ шешімге келе алмағандар амал жоқ Президенттен үміт күтуде.
Айта кету керек, Жем өзені мен Құрсай өзегінің арнасын кеңейтіп, түп тереңдету жұмысын "СапИнВест" ЖШС тамыз айынан бері жүргізіп жатыр. Су тасқынының алдын алу жұмысы қыс бойы жүре береді. Биыл қарғын су Құлсары қаласын топан судың астында қалдырып, мыңдаған үй, кәсіпкерлік нысандар, мектеп, балабақшалар зардап шеккен болатын. Әлеуметтік желіде жарияланып, жұрт наразылығын тудырып жайтқан Жылыой ауданы әкімшілігі бұл жайтқа комментарий бермейтінін баспасөз хатшысы хабарлады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Аудан тұрғындары жолдаған видео