Жаңа жыл қарсаңында қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен облыстағы шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерді қолдау, халыққа азық-түлікті нарықтағы бағадан арзан ұсыну мақсатында жәрмеңке ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жәрмеңкеге 5 ауданнан ( Индер, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой) және қаладан 45-ке жуық кәсіпкер қатысып, ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс пен қолөнер бұйымдарын сатып жатыр.
Аталған жәрмеңке ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей делдалсыз сатуға мүмкіндік береді, нәтижесінде тауар бағасы нарықтан 10-20 пайызға төмен .
- Тұрғындарға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау мақсатында бүгін Мұнайшы стадионының алдында және Сарайшық базарында жәрмеңке өтіп жатыр. Басты мақсатымыз - тұрғындарға қолжетімді бағада өнімдерді ұсыну. 45- ке жуық шаруа қожалықтың 21-і ауданнан келсе, қалған 24-і қаланың кәсіпкерлері. Келер жылда да осындай жәрмеңкелер жалғасын табатын болады, - деді Атырау қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Ерубаева.
Еске сала кетейік, аталған жәрмеңке 28-29 желтоқсан аралығында “Мұнайшы” стадионы мен “Сарайшық” коммуналдық базарында жалғасады.
Анықтама үшін: жыл басынан бері Атырау қаласында 91 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған.