Ресей тарапының бастамасымен Владимир Путин Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақ Жайық басылымы Кремль сайтына сілтеме жасап.
25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласына жақын жерде Әзербайжан әуе компаниясының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.
"Владимир Путин қайғылы оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде орын алғаны үшін кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Әңгімелесу барысында кесте бойынша ұшқан Әзербайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказға украиналық әскери ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасап, ал ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берді", делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Ресейдің Тергеу комитеті ҚК 263-бап (Әуе көлігін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынып жатқаны хабарланады.
"Қазір Әзірбайжан Бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы мен Тергеу комитетінің өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуде. Ресей, Әзірбайжан және Қазақстанның тиісті қызметтері Ақтау қаласының маңындағы апат орнында да тығыз бірлесе жұмыс жасайды".