Атырау, 28 желтоқсан 11:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

"Ол уақытта дронға қарсы режим болған": Росавиация алғаш рет пікір білдірді

283 просмотра

"Росавиация" Azerbaijan Airlines ұшағы Грозныйға қонбақ болған кезде қалада дронға қарсы режим күшінде болғанын растады. "Росавиация" басшысы Дмитрий Ядровтың видеомәлімдемесін Азаттық радиосы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап жариялады.

Оның сөзінше, лайнер қонатын кезде Грозный әуежайы аймағындағы жағдай "күрделі болған".

"Сол күні және сол сағаттарда Грозный әуежайы аумағында жағдай өте күрделі болды. Украинаның соғыс дрондары сол кезде Грозный мен Владикавказ қалаларындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына террористік шабуыл жасауға талпынып жатты. Осыған орай Грозный әуежайында барлық әуе кемелерінің сол кеңістіктен кетуін қарастыратын "Ковер" режимі күшіне енген" деді Ядров.

Оның сөзінше, сол сәтте қаланы қалың тұман басып тұрған және 500 метр биіктікте ештеңе көрінбей тұрған.

Ядровтың айтуынша, ұшақ Грозныйға екі рет қонбақ болған, бірақ қона алмаған.

"Командирге өзге әуежайлар ұсынылған. Ол Ақтау әуежайына баруды жөн көрді" деді ол.

Ресей тарабы "Қазақстан мен Әзербайжандағы әріптестеріне қайғылы оқиғаны тергеуге қатысуға дайын екенін дереу хабарлады" деді ол.

ТАСС таратқан видеода "Росавиация" жетекшісі бірнеше күннен бері айтылып келе жатқан "Ақтауда құлаған ұшақты Грозный әуесінде ресейлік ракета зақымдаған болуы мүмкін" деген болжам жөнінде ештеңе айтпаған.

25 желтоқсанда Ақтау маңына құлаған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағында болған 67 адамның 38-і қаза болды. Олардың арасында Қазақстанның алты азаматы бар. Аман қалған 29 адам ауруханаға түскен. Апаттан зардап шеккен 9 ресейлік және 14 әзербайжан азаматы 26 желтоқсанда арнайы бортпен елдеріне әкетілген. Қазір Ақтаудағы ауруханада үш қырғыз және үш әзербайжан азаматы емделіп жатыр.

Бейсенбі күні Euronews телеарнасы Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сүйене отырып, алдын ала тергеу Azerbaijan Airlines ұшағының апатына Ресейдің ракетасы себеп болғанын анықтағанын жазған еді. Одан кейін Reuters агенттігі бірнеше дереккөзіне сілтеп, апатқа Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болды деп хабарлады.

Әзербайжан үкіметіндегі дереккөз Euronews арнасына "бүлінген ұшаққа Ресейдің әуежайларына қонуға рұқсат етпей, рейсті Каспий теңізі арқылы Ақтауға бұрғанын" айтқан.

Көптеген дереккөз мен зерттеушілер "ұшақ Грозный әуесінде ракетадан зақымданған болуы мүмкін, апатқа осы түрткі болуы мүмкін" деген болжам айтып, соған дәлелдер ұсынып жатқан шақта бір күн бұрын әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мусабеков "Ресей ұшақ апаты үшін кешірім сұрауы керек" деген еді.

27 желтоқсанда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Бакудың кешірім сұрауы керек деген мәлімдемесін көргенін, бірақ апаттың себебін анықтау бойынша тергеу аяқталмайынша түсініктеме бере алмайтынын айтты.

Апатты тергеу жөніндегі Қазақстан үкіметі комиссиясының жетекшісі, вице-премьер Қанат Бозымбаев 26 желтоқсанда кешкі брифинг кезінде "барлық нұсқаны растай да, жоққа да шығара алмаймыз" деген.

"Росавиация" бастапқыда "ұшаққа құстар соғылып, апат содан болуы мүмкін" деп хабарлаған еді. Авиация сарапшылары оған күмән келтірген.

Кеше, 19:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.