
Облыстағы шаруалар мал азығына суббсидия бөлу жөнінде үш рет жиналып, облыс әкімшілігіне барғанымен, талаптарын орындата алмады.
- 23 желтоқсан күні фермерлер жиналып тағы да әкімшілікке барған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Марат МУРЗИЕВ қабылдап, ірі сабақты шөп дайындағандар үшін қосымша қаржы жоқтығын ашып айтты. Тіпті 2025 жылы да белгісіз күйде екенін жеткізді. Негізі ауыл шаруашылығына берілетін бірнеше субсидия бар. Соның бәрі түгел игерілмей, басқа салаға жұмсалып кетті деген әңгіме бар. Мұның қаншалықты шындық екенін білмеймін. Егер сол қаржыны фермерлерге жеткенінше,қалғанын келесі жылы беруге болатын еді, - дейді "Ақиқат" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.
Облыстық әкімшіліктің берген жауабына қанағаттанбаған фермерлер үкіметтен үміт күтуде.
- Мен Астанадамын, кеше ұшақпен келгенмін. Тағы да фермерлер жиналып, субсидия мәселесімен Президент әкімшілігіне бармақшымыз. Жалпы Құрманғазы ауданы Азғыр өңірінде биыл қуаңшылықпен бірге киіктер жайылымдықты отап кетті. Киік өте көп. Біз тұратын Сүйіндік ауылынан тіке алғанда 15-20 шақырым жердегі Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы осы жайды ескеріп, төтенше жағдай жариялады. Азғыр өңіріне ТЖ жариялаймыз деп, ақыры оны комиссия мүшелері қажет таппапты. Оның үстіне шаруашылығымдағы 96 бас ірі қара белгісіз аурудан өлді, оның 74-і асыл тұқымды аналық сиырлар еді. Сонымен қатар, биыл Азғыр өңірінде киіктер пастереллезден қырылды. Дайындаған шөбіміз қыс біткенше жете ме, жетпей ме тағы белгісіз. Осы себептен үкіметке үміт артып келіп отырмыз, - дейді асыл тұқымды "Тоғжан" ШҚ төрағасы Асылжан САБЫРҒАЛИЕВ.
Биыл АШ Министрлігі Атырау, Маңғыстау, Ұлытау, Ақтөбе облыстарына ірі сабақты мал азығына субсидия беру және қаржымен қамтуды облыс әкімдігі шешеді деген болатын. 2020-2024 жылдары облыс әкімшілігінен ірі сабақты мал азығын дайындаған фермерлерге 5,8 млрд теңге қаржы бөлген болатын.
Фермерлерге зор үміт артқан Президент әкімшілігі қандай жауап беретіні белгісіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау 0