Бұл туралы Орынбор облысында көктемгі су тасқынынан өту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қорытынды отырысында белгілі болды.
Өңір билігі 2025 жылғы су тасқынына қарсы Ириклинск су қоймасын дайындауға ерекше көңіл бөлуде. Бұған дейін өңірдің табиғат министрлігі Федералдық су ресурстары агенттігінің Нижне-Волжский бассейндік су басқармасына және Орынбор облысы бойынша су ресурстары бөліміне желтоқсанда Ириклинск су қоймасынан ағынды шығындарын 50 м³/с дейін арттыру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс жолдаған болатын.
Бұл шара 2025 жылғы су тасқыны басталғанда су қоймасының бос болуына және су тасқынының шарықтау шегінде ағыстың күрт көтерілмеуіне мүмкіндік береді. Бұл ұсыныс қазір федералды деңгейде қаралуда. Батыс Қазақстан облысындағы «Қазсушар» филиалы да көктемгі су тасқынына дайындық үстінде. Шаған су қоймасы мен Шолақаңқаты, Сұлусай, Ембулатовка су қоймалары қысқы режимге көшірілді. Су тасқынынан қауіпсіз өту және су қоймасын босату үшін осы су қоймаларынан су жіберілді. Сондай-ақ кәсіпорын 73,6 км каналды механикаландырылған тазартудан өткізіп, 8 гидротехникалық құрылысты жөндеуді аяқтады. Барлығы 6 гидротехникалық құрылыс қалпына келтірілді.