Атырау, 26 желтоқсан 05:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Атырау ықшамауданының тұрғындары күндізгі уақытта электр энергиясының өшірілетініне наразы

229 просмотра

Күн сайын сағат 10:00-17:00 аралығында “Атырау Жарық” электр энергиясын жоспарлы түрде сөндіреді.

"Бұл апатты сөну емес, жоспарлы түрде жасалып жатқан нәрсе. Атырау ықшамауданда қыс жақындағанда электр бағандарын жаңаға ауыстырған болатын. Жаңа столбаларға электр сымдарын тарту үшін Атырау Жарық күн сайын таңертеңнен кешке дейін светті өшіреді. Свет өшкен соң үйдегі жылу қазандықтары да, су жылыту құрылғылары да жұмыс істемейді. Бұл жұмыстарды электр энергиясын сөндірусіз жасаса болмай ма?" - дейді тұрғындар шағымданып.

Айтуларынша, бұл жағдайға көндігіп келе жатқандарына айға жуық уақыт болған. Тұрғындар жоспарлы түрде жасалатын жұмыстарды жаз айында жасамай, не үшін қысқы жылыту маусымында дейін созбалаған дейді.

"Атырау Жарық" мекемесінің мәліметіне сүйенсек, аталған жұмыстар электр желілеріндегі электр энергиясының сапасын жақсарту мақсатында “30 КТП” бағдарламасы аясында қалалық әкімдіктің қолдауымен атқарылып жатыр. 

- Бұл жұмыстардың бірі осы мөлтек ауданда жалғасып, қазіргі кезде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар Атырау қаласы әкімдігің келісімі бойынша өз кезегімен жасалуда. Нәтижесінде, тұрғындар үшін электр энергиясының сапасы артып, жақсартылатын болады, - деді Атырау энергокешені баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира РАХЫМЖАНҚЫЗЫ.

Энергокешеннің мәліметінше, жұмыстарды толық аяқтауға әлі 2 апта көлемінде уақыт кетеді.

"Электр бағандары не себепті қыс келгенде орнатылды?" деген сұраққа, қалалық әкімдік "бұл жыл басында бірнеше ықшамауданға жоспарға қойылып, кезеңмен атқарылып келген жұмыстардың ең соңғысы" деп жауап берді. 

Атырау қаласы ішіндегі электр қуаты жетіспейтін шағын аудандарға 2024 жылға жоспар бойынша қосалқы трансформациялық станцияларды орнату жоспарланған болатын. Осыған байланысты Атырау ықшамауданында Мечников көшелерінде жаңадан трансформатор қою үшін 10кВт және 0.4кВт әуе желісі электр желілерін қосымша тарту қажеттілігі туындады. Жұмыстардың жүруіне байланысты ток көздерін өшіру қажет болып отыр. 

-  Қазіргі уақытта әуе желісін жүргізу жұмыстары аяқталып, қосалқы трансформаторды орнату, қосу жұмыстары жүріп жатыр. Мұның барлығы ток көзі жетіспеушілігінің алдын алу, халықты қалыпты электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жасалуда, - деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй  инспекциясы бөлімінінің энергетика және байланыс секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы Олжас ХАСАНОВ.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Кеше, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.