Жергілікті радиодан керемет, жүректі тербейтіндауыспен бала күнімде жиі естіген, аңызға айналған неаполитандық «Скажите девушкиподружке вашей…» әні айтылып жатты. Кәсіби әншінің орындап жатқанына сенімді болатынмын, алайда ән аяқталғанда диктор орындаушының Атыраудағы Аджип компаниясының инженері Тони ТУРИ екенін хабарлады.
ДОМБЫРА МЕН МАНДОЛИНА
Тонимен кездесуге келіскен соң, ол репетиция жасайтын залға сәл ертерек келген едім. Сахнада жалғыз өзі көзін жұмып ән айтып тұрған жасамыс итальяндықты көрдім. Орындыққа отырып, әнін тыңдай бастадым. Әнді беріле айтқаны сондай, ол тіпті менің отырғанымды да бірден байқай қоймады.
- Тони, неге «Скажите девушки…» әнін таңдадыңыз?
- Қазақстанға келгенше мен кез келген итальяндық секілді ән айтқанды жақсы көретін едім. Бірақ мұнымен шындап айналысам деп ойламаппын. Атырау халқы ән айтқанды жақсы көреді. Осы жерден вокал сабақтарын алуыма осы да әсер еткен шығар. Мен Атырау университетінің музыка-педагогика факультетінде жұмыс жасайтын Күміс Жамекеновадан дәріс алдым. Бірде Күміс маған бір неаполитандық әннің нотасын беріп, кезінде оның Кеңес Одағы тұсында өте танымал ән болғанын айтты. Осы әнді естігеннен кейін ол менің көкейімнен кетпей қойды. Одан сайын ән айтуға деген құштарлығым арта түсті. Көп дайындалып, содан соң Алматыға Сон Паскальға бардым. Сол жерде оны студияда жазды. Кейін осы жазбаны «Тандем Радиосына» ұсындым. Бір таң қаларлығы, бұл әннің шыққан жері Неаполь болса да, Атырауға келгенше мен бұл әнді естімеппін. Мен ол жерде бірнеше жыл тұрған едім. Бұл ән – аға ұрпақ буынның әні.
- Ал қазақ пен неаполитандық әндерге ортақ нәрсе бар ма екен?
- Біздің музыкалық мәдениетімізде ортақ нәрсе көп. Ән айту мақамы ғана емес, музыкалық аспаптары да ұқсайды. Домбыра мен мандолинаның сыртқы түрі ғана ұқсас емес, дыбысталуы да бірдей деуге болады. Ал қобыз бен скрипка ше? Бұл бірдей дерлік аспаптар ғой. Абайдың «Көзімнің қарасы» әні мен Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» әнін өте жақсы көремін және осы әндерді өзім орындаймын. Бұл әндер неаполитандық әндерге қатты ұқсайды. Ал Алматыда қазақ музыкасына итальяндық тарантелла билеген концертте болған едім. Айтпақшы, Сон Паскаль Неапольдың тумасы, осы ұқсастықты ол алғаш боп байқаған екен. Ол біздің әндеріміздің музыкалық паттерндері (музыкалық суреті) бірдей дейді.
Өзім опералық арияларды, поп-музыкаларды, халық әндерін құлшына орындаймын.
ОНЫҢ АРМАНЫ
Біршама уақыттан соң сол залға Тониді тыңдауға барған едім. Бірақ сахна төрінде онымен бірге бірнеше музыканттар болды. Бұл Тони жинаған топ екен. Ол демеуші таба алмағандарын, сондықтан бүкіл ақшаны өз ақшаларына сатып алғанын, Атыраудан музыканттар іздей бастағанын айтты. Енді керемет топ құрылды деп есептейді ол. Музыканттар бір-бірін ә дегеннен түсіне қалады екен, бәрі де үлкен энтузиасттар: бас-гитарада – Аркадий Агапов, ритм-гитарада – Хатта бин Ажар, соло-гитарада – Данияр Шденов, клавишті аспапта – Руфия Маннанова, соқпалы аспапта – Қуат Құлмағамбетов.
Топтың әдемі дауысы бар және Тони секілді үлкен сахнаны армандайтын Аида Дінішева деген әншісі де бар.
Тони Тури тобының алғашқы өнерін жұртшылық жақын арада қаладағы мейрамханалардың бірінде тамашалап, ол үлкен жетістікке жеткен болатын.
- Сіздің тобыңыздың репертуары қандай?
- Негізінен классикалық неаполитандық әндер мен «Latino» стиліндегі, яғни итальяндық, француздық, испандық, бразилиялық шығармалар. Ал Аида Дінішевамен бірге «Феличита», «Мама Мария» немесе Фаусто Леалидің «Ti lascero» дуэттерін орындаймыз.
- Концерттік жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
- Біздің тобымыз танымал-дылыққа ие болса деймін. Ісіне берілген жандар ғана нәтижеге қол жеткізеді. Бір жылдан кейін қадірменді жұртшылықты өз әндерімізбен қуантамыз деп ойлаймын. Қазір қатысушылардың көбі еңбек демалысында, сондықтан біздің келесі концертіміз бәріміздің басымыз қосылғанда, тамыз айында «Кактус» мейрамханасында өтеді.
Сондай-ақ, жаңа ән жазуды жоспарлап жүрмін. Итальяндық музыкант әрі сазгер Аугусто Амигуччи қазір Алматыда тұрады, менің сөзіме музыка жазған еді. Ән «Amo te» (Сүйем сені) деп аталады. Бұл өлеңде қазақша мәтін де бар.
Ал жалпы мен үшін ән айту кәсіп емес, бұл менің құштарлығым. Ол менің шын жүрегімнен шығады, өзімді бақытты сезінуіме көмектеседі. Музыканың құдіреті де осында жатыр.
ЕШҚАШАН КЕШ ЕМЕС
Күміс Жамекенова әңгімелейді:
- Маған біраз жасқа келіп қалған музыка энтузиасты, итальяндық азамат келіп, әнді дұрыстап айтуды үйретуімді өтінді. Дауысы табиғатынан өте зор, есту қабілеті керемет екен, тек дауысын қою керек болды. Жарты жыл бойына сабаққа үнемі қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қажетсіз дауыс дірілдері ғайып болып, дауысы тазара бастады... Жалпы, ән айтуды жас кезден бастап үйрену керек деген пікір қалыптасқан ғой. Бұл аңыз ғана. Дауыс желбезегі 20-30 жылдан кейін біржола қалыптасады, сондықтан дауыс өзінің бар күші мен әдемілігін тек кемел жаста ғана көрсете алады. Бұған Тони айқын мысал. 60 жастан кейін де ән айтуды бастау кеш емес.
Ән айтуға ынтықтығы Тонидің сыра ішуге немесе шылым шегуге деген әуестігін біржолата жойған. Ол ішімдік пен темекінің дауыс желбезегіне кері әсерін тигізетіндігіне сенімді. Кеш түссе, итальяндық тенорлар пайдаланатын «erisimo» (сарбасқурай немесе «әнші шөбі») шөбінің суымен тамағын шаяды.
- Осы процедурадан кейін таңертең көмейім ашылып, дауысымның өзі күмбірлей бастайды, - деп бөліседі Тони.
Танымал итальяндық орындаушы Марио Ланца өкшесімен ән айтатынын, ал жоғары ноталарды орындағанда тізесімен ән салатынын айтқан еді. Тони Тури ән айту процесінде бүкіл денесімен ән айтады. Ол ұлы тенор меңзеген, басынан аяғына дейін тербелетін дыбысты биоаспапты еске түсіреді. Форца (алға), Тони! Сізді ұлы істер күтіп тұр.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА