Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі бірлескен жұмыс нәтижелерін талқылады. Кездесу Чжан Сяоның Қазақстандағы ҚХР елшісі ретіндегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына орайластырылып отыр.
Олжас Бектенов екі мемлекет басшыларының алға қойған міндеттеріне қол жеткізудегі сындарлы жұмыстарды атап өтті. Соңғы жылдары екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қарым-қатынастарды ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеру тауар айналымын арттыруға, экспортты кеңейтуге және инвестиция тартуға ықпал етеді. Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып қала береді. Транскаспий мультимодальды дәлізі бойынша тасымалданатын жүк ағынын арттыру ынтымақтастық әлеуетін ашудың келешегі зор құралы болмақ.
Өз кезегінде Чжан Сяо жыл басынан бері елдер арасындағы тауар айналымы 12%-ға өсіп, $36,5 млрд-ты құрағанын хабарлады. Сондай-ақ Қытай елшісі Қазақстан нарығына ірі қытай инвесторларының қызығушылығы артып отырғанын айтты, бұл қолайлы бизнес-климатты көрсетеді.
Әңгімелесу қорытындысы бойынша тараптар жан-жақты сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.