Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатының салдарын жою бағытында атқаралып жатқан жұмыстар туралы жедел ақпарат жариялады, деп жазады Egemen.kz.
Қазір оқиға орнында ұшақтың конструкцияларын бөлшектеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға салдарын жою үшін 306 адам, 101 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 6 кинологиялық есептоп жұмылдырылған. Осы бағыттағы жұмыстарға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің, Апаттар медицинасы орталығының, жедел медициналық көмек бригадасының және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ Әзербайжан ТЖМ қызметкерлері тартылған.
ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадалары ұшақ апатқа ұшыраған жерде авариялық-құтқару жұмыстарын медициналық ем-дом жүргізіп жатыр. Апаттар медицинасы орталығының психологтары Ақтау қаласына келген туыстарына психологиялық көмек көрсетіп жүр.
Кеше авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Ақтау қаласының медициналық мекемелеріне 29 адам, оның ішінде 3 кәмелетке толмаған бала құтқарылып, ауруханаға жатқызылды.
Оқиға орнынан 38 мәйіт табылды, олар медициналық сараптама орталығына жеткізілді, Марқұмдардың арасында Қазақстанның алты азаматы мен үш экипаж мүшесі бар. Тағы жеті адамның денесі анықталды. Сонымен қатар кеше іздеу тобының нәтижесінде ТЖМ құтқарушылары қара жәшікті тапты. Оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта Ақтау қаласында апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
Кеше іске қосылған жедел желі телефондарына шұғыл психологиялық көмек және ақпараттық сипаттағы 1063 өтініш түскен.