Атырау, 30 қазан 15:19
 дождьВ Атырау +17
$ 453.71
€ 505.80
₽ 5.63

Доллар әлсіремесе, теңге тиімдірек: инвесторларға кеңес

69 рет қаралды

АҚШ доллары дәстүрлі түрде жинақ сақтаудың ең сенімді валютасы болып қала бергенімен, қазақстандық инвесторларға теңгедегі қаржы құралдарына, сондай-ақ еуро мен жапон иенасына назар аударған жөн. Мұндай пікірді BCC Invest макроаналитигі Назерке Сәденова білдірді, деп хабарлайды LS.

Теңгелік депозиттер: жоғары табыстылық және ықтимал тәуекелдер

Бір жылдық кезеңде Қазақстан тұрғындары үшін ұлттық валютадағы қаржы құралдары тиімдірек болып қала береді. Теңгелік депозиттер бойынша орташа алынған мөлшерлеме жылдық шамамен 14,6%-ды құраса, KASE-дегі мемлекеттік бағалы қағаздардың (МБҚ) кірістілігі 14–15,5% деңгейінде. Салыстыру үшін айта кетсек, валюталық депозиттер бойынша мөлшерлеме небәрі 0,9%-ға жуық.

«Мұндай мөлшерлемелер жағдайында долларлық депозит теңгелік депозиттен тиімді болуы үшін бір жыл ішінде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 13,5%-дан астам өсуі керек. Біздің базалық сценарийіміз бойынша теңгенің әлсіреуі қалыпты деңгейде болады. Сондықтан ұлттық валютадағы депозит көбірек табыс әкеледі», — деп түсіндірді Назерке Сәденова.

Сонымен қатар сарапшылар валюта бағамының күрт әлсіреуі немесе Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуі теңгелік депозиттердің пайыздық кірісін жоққа шығаруы мүмкін екенін ескертеді.

Доллар, еуро, иена және юань: инвесторға қайсысын таңдаған жөн?

  • АҚШ доллары: Девальвациядан қорғанудың ең сенімді құралдарының бірі болып қала береді. АҚШ-тың бір жылдық қазынашылық бағалы қағаздарының кірістілігі жылдық шамамен 4,5%-ды құрайды.

  • Еуро: Инвестициялық портфельді әртараптандыруға қолайлы. Сарапшылар 2027 жылдың соңына қарай еуроның долларға шаққандағы бағамы біртіндеп нығаяды деп күтеді.

  • Жапон иенасы: Тарихи өлшемдер бойынша бағамы төмен деңгейде тұр. Жапония банкінің мөлшерлемені көтеруі мен валюталық интервенциялардың арқасында иенаның долларға шаққандағы бағамының өсу әлеуеті бар. Бұл валюта, ең алдымен, теңгенің күрт құлдырауынан қорғану құралы ретінде қарастырылады.

  • Қытай юані: Қытайдың сыртқы саудадағы оң сальдосының арқасында қолдау тауып отыр. Алайда юаньмен ұсынылатын қаржы құралдарының пайыздық кірістілігі төмен — жылдық 2–3%. Бұл валюта, ең алдымен, импорттаушылар мен Қытаймен жұмыс істейтін бизнеске қолайлы. АҚШ-пен сауда соғысы қайта өршіген жағдайда юаньның әлсіреу қаупі бар.

  • Түрік лирасы: Сарапшылар инфляция деңгейі жоғары елдердің валюталарына қатысты сақ болуға кеңес береді. Өйткені депозиттер бойынша жоғары пайыздық мөлшерлеме бағамның күрт құлдырауынан қорғай алмайды.

Жыл соңына дейін теңге бағамына қандай факторлар әсер етеді?

Сарапшылар ұлттық валюта үшін негізгі тәуекел факторларының қатарына АҚШ Федералдық резерв жүйесінің ақша-несие саясатын, Brent маркалы мұнай бағасының динамикасын және шетелдік капитал ағынының көлемін жатқызады.

Сонымен қатар Қазақстанның қаржылық тұрақтылық қоры айтарлықтай берік. Ұлттық банктің халықаралық резервтері мен Ұлттық қордың активтері 133 млрд доллардан асады. Бұған қоса, төлем балансының ағымдағы шоты профицит көрсетіп отыр.

Бүгін, 14:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.