ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бастамасымен елімізде «Мектеп-Колледж» пилоттық жобасы жасақталды.
Жобаға Атырау облысынан Атырау сервис колледжі «Аспаз» мамандығы, Атырау көлік коммуникация колледжі «Автомобиль жөндеу слесарі» мамандығы және Атырау энергетика және құрылыс колледжі «Электргазбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша қатысуда.
Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде осы колледждерде пилоттық жоба бойынша әртүрлі мектепте оқып жүрген 57 оқушы білім алуда. Яғни оқушылар мектептегі негізгі сабақтарынан кейін, колледжге келіп оқиды.
Бұл 10-11-сынып оқушылары үшін жұмысшы біліктілігі бойынша эксперименттік білім беру бағдарламаларын енгізу нәтижесінде мүмкін болып отыр. Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира ТҰҢҒАТАРОВАНЫҢ хабарлауынша, 2024-2025 оқу жылында «Аспаз», «Автомобиль жөндеу слесарі» мамандықтары бойынша 27 оқушы диплом алып шығады деп жоспарланған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ