Атырау, 25 желтоқсан 18:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Ақкиізтоғайлықтарды не толғандырады?

Сурет
1 220 просмотра

Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылы тұрғындары «АЖ» редакциясына проблемалардың шешілмей, ұзаққа созылып кеткеніне шағымданған болатын.

- Бізді ең қинап тұрғаны - жол мәселесі. Осы көшеде тұрғанымызға 50 жыл болыпты. «Елу жылда - ел жаңа» дейді ғой, бірақ біздің көше тұрғындары жаңаруды көріп тұрғанымыз жоқ. Жауын-шашын немесе қар жауып ерігенде көшемізде күй болмайды, балаларымыз мектепке резина етікпен барады, кейде балшыққа құлап жатады. Қарттар да балалардың күйін кешіп отыр. Жедел жәрдем көлігі біздің көшеге кіре алмайды, көліктер батып қалады. Бұл, әсіресе төсек тартып жатқандар үшін қиындық туғызып тұр. Таксистер де көшемізді айтсақ, барудан бас тартып, ат-тонын ала қашады. Бұл не масқара, шарасын неге алмайды? - дейді ауыл тұрғыны Салиха ТӨЛЕГЕНОВА.

Ауыл тұрғындары жол сұрап, ауыл және аудан әкімдігіне барғанымен «болады» деп шығарып салған.

- Айналма жол бар еді, оны су жүргіземіз деп қазып тастады, енді осы балшықты кешіп шықпасақ басқа жүретін жол қалмады. Ең болмаса шебень төгіп берсе жақсы болар еді. Осы ауылдың төңірегінен «Казкомсервис» ЖШС шебін тасып жатыр, ең болмаса демеушілік көмек көрсетсе дейміз. Оның үстіне, көктемгі су тасқыны кезінде Құлсары мен Ақкиізтоғай ауылын жалғап тұратын жолды жырып жіберген болатын, күз бітуге таяу, әлі бітірген жоқ, айналма жолмен қатынап жүрміз, - дейді Темірхан ТУРЛАШЕВ.

Жалпы бұдан да бөлек ауыл тұрғындарын мазалаған жайттар баршылық: демеушілікпен тал егілгенімен, күтусіз қалу салдарынан бірде-біреуі көктемей қалды, «Қазтелеком» мекемесіне қарасты соқалар ескіріп, қисайып құлау қаупінде, ауыз су желісі жүргізіліп жатыр, ол да аяқсыз қалатын түрі бар.

Бізге Ақкиізтоғай ауылдық округі әкімі Марат ҚАБИДЕНОВ былайша түсінік берді:

- С. Мауленов көшесі тұрғындары жол мәселесімен әкімдікке келгені рас. Жалпы ауылда бұған дейін 5,5 км жол жаңартылып, асфальтталған болатын. Енді қалып тұрғаны 8 км 681 метр. Жақында жобалау сметалық жобасы сараптамадан өтті, келесі жылы қаржы бөлінсе, жол құрылысы жүреді деп отырмыз. 

Ал демеуші «Насарсалюшн» ЖШС 1 мың тал қараағашын еккен болатын. Бірақ дұрыс қоршау жасамады, серіктестік басшыларының уәдесі бойынша үш жыл күтіп баптауды міндетімізге аламыз деген болатын. Бірақ күзде еккенімен көктемде бірде біреуі көктемей өліп қалды. 

«Қазтелеком» мекемесіне қарасты соқалар әбден ескірді, көбі қисайып тұр. Осы апта мекеме басшылығы қалыпқа келтіреміз деп уәде беріп отыр.

Ал ұзындығы 12 км болатын  ауыз су жобасы болашақта салынатын баспаналар үшін жасалып жатыр, ол жүмыстың 80 пайызы атқарылған, осы жылдың аяғына дейін толық бітіреміз деп отыр, онда келесі жылы 295 адамға жер беріледі.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттерді түсірген автор 

12 қараша, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.