Атырау, 26 желтоқсан 18:03
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Елімізде кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілмек

413 просмотра
Көрнекі сурет

Мәжіліс отырысында депутат Татьяна Савельеваның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа және ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепехаға сауал жолдады. Сауалда заң жобасы негізінде "өмірлік қиын жағдай" және "арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалар" ұғымдарын нақтылау туралы, сондай-ақ қандай нақты санаттағы балаларды қабылдаушы отбасыларға қандай мүмкіндіктер берілгені туралы сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар корпусында бірқатар сұрақ туындағанын айтты. Оның айтуынша, әсіресе, қабылдаушы отбасыларға берілуге тиіс балалардың санаты туралы сұрақтар бар.

“Бұл мәселені талқылау кең пікірталас тудырды. Өйткені "өмірлік қиын жағдай" және "арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалар" ұғымдары өте ауқымды және норманы қолдану барысында түрліше түсіндірулерге жол берілуі мүмкін. Осы мәселелер заң жобасы аясында бүгінгі күні қалай қарастырылғаны және қай санаттағы балаларды қабылдаушы отбасыларға беру жоспарланғаны туралы жауап берсеңіздер екен. Нақты критерийлерді естігіміз келеді", – деді депутат.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембае заңда егер бала қиын жағдайға тап болған кезде сипаттайтын қажетті нормалар барын атап өтті.

"Қиын жағдай кезінде төрт категория бойынша қарастырылады. 

  • Бірінші кезекте өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар, ата-анасыз қалғандар;
  • Екінші кезекте, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар және қараусыз қалған немесе осы жағдайға тап болған балалар.

Сондықтан, ең әуелі, осы балалардың бәрі олардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау үшін мемлекет тарапынан қажетті қорғау мен көмекпен қамтамасыз етілуге тиіс. Сондай-ақ осы отбасылар да олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды", – деп жауап берді министр Бейсенбаев.

Бұдан кейін ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха әлеуметтік кодекстің 133-бабында адамның арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылуының барлық негіздері нақты көрсетілгенін айтты.

"Бұл жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы, қараусыз қалған, сондай-ақ әлеуметке бейімделмеуге және әлеуметтен айыруға алып келген қатігездік ұғымы да бар. Осы норманы орындау мақсатында ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, осы жағдайларға алып келген қатігездік фактісін анықтау критерийлері бекітілген бұйрық әзірледік. Мұнда негіз болатын барлық нормалар нақты көрсетілген. Өзара әрекеттесу алгоритмі жасалған", – деп жауап берді Игорь Лепеха.

Игорь Лепеханың айтуынша, қатігездікке ұшыраған адамды тану үшін барлық негіздер толық жазылған. 

"Бұған жүйелі түрде ұрып-соғу арқылы физикалық және психологиялық азаптар беру, басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері, қасақана орташа немесе ауыр дене жарақатын салу сияқты ауыр жағдайлар жатады. Сонымен қатар адамдарды саудаға салу, адам саудасының құрбандары болу да осы категорияға кіреді. Мұнда ешқандай қауіп-қатер жоқ, бәрі анық көрсетілген", – деді ішкі министрінің орынбасары. 

Сонымен қатар ол профилактика туралы заңда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырудың негіздері бар  екенін атап өтті. Оның айтуынша, сол категориядағы кәмелетке толмағандар сонда орналастырылуы мүмкін еді. 

"Енді балалар үйіне, орталықтарға орналастырудан бөлек оларды кәсіби қабылдаушы отбасыларға да орналастыруға болады. Мен түсініп отырмын, Татьяна Михайловна, сіздің сұрағыңыздың астарын. Бұл заң талқыланған кезде қоғам тарапынан балаларға ұру немесе жеңіл дене жарақатын салу – ата-ана құқықтарынан айыруға себеп болады деген пікірлер көп болды. Бірақ айтқым келеді, осы ұғымдар өздері қатігездік деп танылуға негіз болмайды және ата-ана құқықтарынан айыруға себеп болмайды. Егер олар айтқан факторлармен бірге болса, онда, әрине, біз оларды қарастыратын боламыз. Яғни ата-ананы тек бір ғана жеңіл жазалау үшін баласын алып кету немесе бірден бала жұлып алынуы туралы ешқандай қауіп жоқ, мұндай қауіп мүлде жоқ", – деп сөзін түйіндеді Игорь Лепеха.

Сауалдан кейін мәжіліс отырысының бірінші оқылымында депутаттар білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Оқу ағарту министрлігі бастамашы болған түзетулер кәсіби қабылдаушы отбасы тұжырымдамасын заңнамалық тұрғыдан бекітеді. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасына орналастырудың балама нысанын белгілеу арқылы жетілдіруге бағытталған құқықтық нормалар қарастырылады. Баламалы нысан төрт санатқа қатысты болады: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, панасыз және көшедегі балалар, сондай-ақ олардың отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандары.

Заң жобасында кәсіби қабылдаушы тәрбиешілерге қойылатын талаптар белгіленеді.

“Олар балаларға қолайлы жағдай жасай алатын, тұрғын үйі бар 30 бен 53 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болуы керек. Кәсіби қабылдаушы отбасы мәртебесін алуға ниетті отбасылар қорғаншылық және қамқоршылық органдарында психологиялық дайындықтан және аккредиттеуден өтуге тиіс. Олар алты айдан аспайтын уақыт ішінде бір мезгілде 4 балаға дейін қабылдай алады.Бұл ретте отбасылар қорғаншы немесе қамқоршы органмен жасалған шарт негізінде балаларды кез келген уақытта таңдау құқығынсыз қабылдауға міндетті”, – делінген заң жобасында.

Тәрбиешілердің қызметіне ай сайын 70 АЕК көлемінде ақы төленетін болады. Сонымен қатар мемлекет әр баланы асырауға 10 АЕК бөледі. Кәсіби қабылдаушы тәрбиешілер тоқсан сайын қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балалардың денсаулық жағдайы, тәрбиелеу барысы, балаларды күтіп-бағуға бөлінген қаражаттың жұмсалуы, сондай-ақ олардың мүлкін басқару туралы есеп беруге міндетті болады.

6 қараша, 11:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.