Атырау, 26 желтоқсан 22:12
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Инфосығандарға тиісті шара қолдану ұсынылды

389 просмотра

Түркістан облысында трейдинг курсына шағымданған тұрғындардың 3 млн теңгесі қайтарылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің комитеті хабарлады. Жалпы елімізде жарнамасы жер жарған кәсіпкерлік және психологиялық курстарға шағым жиілеп барады, деп хабарлайды 24.kz.

Мәжіліс депутаттары бұл мәселені заңмен реттеп, инфосығандарға тиісті шара қолдануды ұсынып отыр. Еркебұлан Смадияров, тілші: - «Ақшаны аз уақытта еселеуге болады». «Тез баюдың тиімді жолын үйретемін». Әлеуметтік желіде мұндай жарнамалардан көз сүрінеді. Алайда оның бәріне бірдей сенуге болмайды. Мамандардың айтуынша, кейінгі кездері онлайн курстарға қатысты шағым көбейген. 

Мәселен, Түркістан облысында бизнеске бет бұрғандар трейдинг курсын 500 мың теңгеге сатып алған. Алайда одан келіп-кетер пайда көрмепті. Кейін жауапты мекемеге арыз түсірді. Мамандар олардың құқығын толық қорғап шыққан. Жансая Дадын, ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы: - Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті Түркістан облысы бойынша 6 тұтынушыға оқыту курстарының сапасыз болуына сәйкес, 3 млн теңге көлемінде қаражатын қайтарып берді. 

Биыл елімізде түрлі курстар бойынша 600-ден астам шағым түскен. Былтырғымен салыстырғанда едәуір көбейгені байқалады. Талдау нәтижесіне сүйенсек, дау-дамайлар курстардың тиімсіздігіне, оқытушылардың біліксіздігіне және қайтарылмаған төлемдерге қатысты болып отыр. 

Жансая Дадын, ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы: 

- Бұл өтініштердің барлығы құзіреті бойынша ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабы, 1-тармағына сәйкес, тиісті шараларды қолдану үшін, жан-жақты қарау үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданатын болады. Онлайн курстар барлық бағытта. Яғни, ол психология болсын, бизнес болсын, кәсіпкерлік және т.б. деген сияқты. «Бақытқа оңай жету жолы», «күйзелістен арылу», «жұлдызға айналу» сияқты тақырыптағы курстар да қаптап кетті. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, елімізде инфобизнестің жылдық айналымы 500 млн долларға жеткен. Ол ең алдымен мұндай платформалардың мазмұны мен заңдылығына мониторингті күшейтуді ұсынды.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР ПарламентІ Мәжілісінің депутаты: 

- Екіншіден, «Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттілік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды. Үшіншіден, бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс. Сонымен қатар депутат интернет алаяқтары мен инфосығандардан сақтану үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет екенін атап өтті.

4 қараша, 14:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.