Атырау, 28 желтоқсан 02:42
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

​Индер ауданының тұрғындары Серік Шәпкеновтен не өтінді

Сурет Бейнежазба
1 233 просмотра

28 қазан күні облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ бір топ мамандарымен  Индербор кентінде болып, мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Зал лық толы болды.

Аудандағы «сақалды» құрылыстар емес, пайдалануға берілген және берілетін обьектілерді аралап келген облыс әкімі С. Шәпкенов көтеріңкі көңілмен жұртшылықпен жылы амандаса, өзі айтқандай ең маңызды пікір алмасу мәселесіне көшуді ұсынды. Бұрынғыдай ұзақ-сонар баяндама оқылмады. Жұртшылықтың күткені осы еді, сұрақтар қарша борады.

Шипажай да, кеніш те

- Кенттің «Шығыс», «Болашақ» ықшамауданының шет жағында қоқыс алаңы орналасқан. Қоқыс алаңы бүгінде қорқынышты жағдайда, түрлі қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес, жайрап жатыр. Арасында өртейді, ондайда ең жақын орналасқан екі ықшамаудан тұрғындары демала алмайтын жағдайға жетеді, тұншығады. Тіпті, жел күндері сол қоқыстар бізге қарай ұшып келеді. Неге кентке қоқыс алаңы салынбайды, замануи үлгідегі? - деді тұрғын Муса КҮСЕПОВ.

С. Ш. :Аға, өте орынды мәселе көтеріп отырсыз. Қаладан бастап бүкіл елді мекендерде полигон салу жайы ойластырылуда, мұнда сұрыптау жайы қарастырылады. 

- Мен 16 жылдай Атырау облысының экология Департаментің Индер ауданы бойынша эколог болып жұмыс жасадым, бүгінде зейнеткермін. Тұздыкөлдің жағдайын айқым келеді. Бүгінде ерекше қорғалатын аймақ деген статусын алып тастады. Осыған түбегейлі қарсымын, бұған аудан жұртшылығы да қосылады. Соңғы кезде кәсіпкерлер осы жерден тұз өндіруге таласып жатыр деп естіп жатырмын. Индердің баға жетпес тұзын талан-таражға салуға болмайды. Әр жерден келіп, кәсіпкерлердің тұз өндіруіне қарсымыз, онда экологиялық жағдай туындауы мүмкін, жеріміз бүлінеді. Жалпы, Индер тұзынан шипажай ашуға зор мүмкіндік бар. Өйткені жылда жан-жақтан дертіне дауа іздеп келгендер үшін ешқандай жағдай жасалмаған, көлеңке болар пана жоқ. Сол себептен шипажай ашылса, соған көмектесіңіз, - деген Марат МҰҚАНОВТЫҢ сөзін көпшілік ду шапалақ соғып қолдады.

Ескеретін жай, Индер тұзды көлін шипажай ретінде игеру жөнінде көптен айтылып келеді. Жақында «Инновациялық білім беру ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-нің тапсырмасы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі және әлеуметтану докторанты Адемхан КУДЕРИНОВ келіп, тұрғындар арасында анкета таратқан болатын. Онда «...Индер көлінде замануи тұз өндіру кәсіпорын ашу мақсатында Индер көлін табиғи-қорық аумақтар тізімінен алып тастау идеясына көзқарасыңыз қандай?», «"Аралтұз"  АҚ компаниясы Индер көлінде тұз өндіру кезінде замануи технологияларды қолдануды жоспарлап отыр. Оған көқарасыңыз қандай?», «Аралтұз» АҚ компаниясы тұз өндіру нарығында 100 жылға жуық жұмыс жасауда, осындай көпжылдық тәжірбиесі мен беделі бар компанияға қаншалықты сенесіз?», т. б. сұрақтар болды. Бұл анкетаға индерборлық 200-ден астам адам қатысты. «АЖ» тілшісі А. Кудериновтан "мұның қорытындысын қалай білеміз?" деген сұрағына: «Анкета арқылы өзіміз халықтың көзқарасын білгіміз келген, бұл жерде «Аралтұз» ЖШС жұмыс жасауға келеді дегенді білдірмейді» деген болатын.

С. Ш:-Кезінде шипажай ашуға кәсіпкер Ибрагим АҚДРАШЕВ ниет білдірген болатын, ол жоспары өзгеріп кетті. Енді жипажай саламын деушілерге талап қойып отырмыз, ол оны орындау керек, жалпы шипажай салуға толық келісемін. Ал басқа тұз өндіру үшін кәсіпкерлерді кіргізу, кіргізбеу мәселесін емес, менің ойымша ғылыми-зерттеу жұмысы керек, жылына қаншалықты тұз алуға болады. Заманауи технологияларды қолданса, талаптарды орындаймын десе, қолдау керек. Тұзын алып жатыр ма, пайдасын алып отыр ма, экологиялық талаптарды сақтасын.      

«Асфальт көрпе сияқты көтеріліп жатыр»

Бұдан кейінгі сөйлеушілер «Атырау-Индер» жолының проблемасына тоқталды. Ауыл тұрғындары редакцияға құрылыс барысында тап болған проблемалар туралы жариялауды өтініп, әлденеше хабарласқан болатын. 

- Айта-айта шаршағасын жолға шыққанбыз, жолды өте нашар салып жатыр. Облыс әкімінің орынбаспары Қайрат НҰРТАЕВ келіп, мердігерге тапсырма беріп кеткен, бірақ оны орындаған жоқ. Ауыр жүк көліктері жүріп, салынып бітпеген жолды бүлдіріп жатыр. Жол жабынын Бөдене ауылына дейін төсеп тастады, ол ұшып жоқ болды. Жарсуат ауылында бес көшенің жолын асфальтталмай, қалып қойған, - деді белсенді Байғали УТЕМАНОВ.

- Қиыршық тастың үстіне құманмен су құйғандай етіп, смола құйып жатыр, -деп толықтырды зейнеткер Байжан ШЫҢҒАЗИЕВ. - Бұл сапасыз жол болды. Егер асфальтты көтерсе, көрпе сияқты көтеріліп жатыр. Сіздің орынбарасарыңыз келіп, жолға лабораториялық тексеріс жасау керек деді. Мердігерге он күн уақыт беремін жұмыс жасауға деді. Бірақ әлі сол күйі, бұл мердігер жұмыс жасамай отыр, мамандар жоқ, сондықтан осының бір шарасын алу керек

С. Ш. - Мердігерлер тендерді жеңіп алған соң жұмыстарды сапасыз орындайтыны жиі кездеседі. Мұндай компанияларға қатысты белгілі бір шаралар бар, мысалы, сот.  Менің басқа облыстағы әріптестерім сондай мердігерлерді сотқа беріп жатыр.Осында келе жатқанда сол жолдан өттім. Мердігердің жұмысын тоқтату немесе тоқтатпау талқылауды қажет етеді. Бірақ дұрыс айтасыз, бізге сапасыз жол қажет емес. Осы кездесуден кейін барлығын мұқият тексеруге тапсырма беремін. Бөдене мен Жарсуаттағы асфальтсыз көшелерге келсек, қаржы бөлінеді.

Мектеп, су тасқыны және дәрігерлер

Үш сағатқа созылған жиында Есбол ауылының тұрғыны Бағытжан ИМАНҒАЛИЕВ мектеп құрылысының ұзаққа созылып кеткенін, оның қажеттігін, дәрігерлік мамандарды тарту мәселесін көтерді. 

Ал кент тұрғыны Асқар БАКЕНОВ келесі жылы су тасқыны орын алса, қаншалықты дайынбыз деген жайтты қозғады. С. Шәпкенов бөгеттерді балансқа беру қарастырылып жатқанын, дайындықты күшейту мәселесі күн тәртібінде екенін айтты.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

30 қазан, 21:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.