Шығыс Қазақстан облысында ауа сапасын бақылау үшін 2025 жылы жаңа датчиктер алынбақ. Бұл туралы ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов айтып берді, деп жазады Казинформ.
- Бүгінде өңір бойынша экология жағдайына мониторинг жүргізу үшін «Қазгидромет» РМК-ның 10 бекеті жұмыс істеп тұр. Ондағы деректер автоматты форматта бақыланады. Жұрт әрбір ақпаратты интернет арқылы көріп отыра алады. Алайда ауа сапасын бақылауды күшейту үшін келесі жылы қосымша датчиктер орнату жоспарланып отыр, - деді ол.
Сондай-ақ экология жағдайын жақсарту үшін облыста жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы аясында бірқатар шара қолға алынбақ.
- Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу көзделген. Бүгінде жалпы осы бағыт бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігіне 7 жоба жіберілді, - деді Еламан Мұхтарханов.