Атырау, 29 желтоқсан 06:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

​Мақаттан Парижге саяхат: берік достық һәм шытырман хикаялар

Сурет
1 491 просмотра

Көп жан үшін Парижге бару арман болып қала береді. Бірақ мақаттық отбасы үшін Францияға жеке көлігімен саяхаттау олар үшін жаңа ел көріп қана қоймай, ескі достарын көрудің тамаша мүмкіндігі де болды.

Осыдан тура тоғыз жыл бұрын Моңғолия сапарынан оралған еуропалық ерлі-зайыптылар Мақатқа аялдады. Ерлі-зайыптылардың жету нүктесі Франция болатын. Олар Мақат арқылы Ақтөбе тас жолына қарай бет алады. Шетелдіктер азық-түлік алып, сергіп алу үшін ауылдағы шағын дүкенге тоқтайды. Қонақжай мақаттықтармен сол кезде танысып, бұл таныстық достыққа ұласып, зымырап өткен уақыт пен жолдың шалғайлығына қарамастан достықтары одан әрі нығая түсті.

- 2015 жылдың тамыз айында атамның үйіне еуропалық нөмірлі фургон келіп тоқтады. Оны әуелі әкем көріп, жолаушылардың алыстан келгенін бірден түсінді. Менен біздің көмегіміз керек пе екен, соны білуді өтінді: ол кезде мен 21 жастамын, Қазақ-Британ университетінің экономика факультетінің студенті едім, ағылшын тілін оқып жүргенмін. Біз саяхатшыларды үйімізге шақырдық, өйткені ол жылдары Мақат өңірі криминалды аймақ болатын, олар бәлеге ұшырап қалмасын дедік, – дейді Тұрғыт ДҮЙСОВ.

Отбасы франциялық 64 жастағы Патрикпен және 66 жастағы  Маримен осылай танысқан. Патрик ағылшынша жақсы сөйлейтін, ал Тұрғыт дәстүрлі қазақы дастарханда қуана-қуана аударма жасап отырды.

...Патрик пен Тұрғыттың әкесі Елтай философияны және осы ғылымның белгілі қайраткерлерін  қызу талқылап, жалпы, мәдениет айырмашылығына қарамастан, ортақ тіл тапты. Патрик Мақаттан кетіп бара жатып, өздерінің қызықты қарым-қатынасы жалғасады деген үмітпен ашықхатқа мекен-жайын, телефон нөмірін және электрондық поштасын жазып қалдырды. Ал Тұрғыттың әкесі жаңа достарының қарны ашып қалмасын деп, сөмкелеріне азық-түлік салып жіберді.
Содан бері отбасылар электрондық пошта арқылы, содан кейін әлеуметтік желілер арқылы хабарласып отырды. Осы жылдар бойы ескі достарымызға барып келсек деген мақаттықтардың ойларында жүретін, сөйтіп отбасы Францияға сапар шегуді ұйғарған.

– Басында электронды пошта арқылы хабарласып, кейін әлеуметтік желі арқылы хабарласатын болдық. Мен жұмыс істеп, ұзақ уақыт хат жазбай қалсам, Патрик үнемі бірінші болып хабарласып, бізде бәрі жақсы ма деп уайымдап, Қазақстандағы, Мақаттағы жаңалықтарды сұрайтын.

2020 жылы, коронавирус пандемиясы кезінде мен Facebook-те науқастанған адамдар, соның ішінде Мақат тұрғындары туралы жазба жарияладым. Патрик менің жазбамды оқып, қол ұшын беруге бел буып, мұқтаж жандарға 75 мың теңге аударып жіберді. Бұл ақшаға әпкем екеуміз дәрі-дәрмек, азық-түлік сатып алып, ауылдағы он отбасына үлестірдік. Француз достарымыздың қамқорлығы мен ілтипатын сезініп, риза болдық, - дейді Тұрғыт.

Шекаралар мен елдер арқылы жолсапар

2023 жылы Тұрғыт көлік сатып алып, жүргізуші куәлігін алды. Осы жылдар бойы француздар мақаттықтарды Парижге қонаққа шақырумен болды. Отбасымен кеңесіп, отағасының аэрофобиясы болғандықтан, ол жаққа көлікпен бару жөнінде шешім қабылданды.

Тұрғыт дереу сапарды жоспарлай бастады. Ол сондай-ақ газетіміздің жарияланымындағы кейіпкер Ерік Шыныбековтен кеңес алды. Кезінде Ерік те Парижге өз көлігімен барған еді.

Тұрғыт туристік керек-жарақтар сатып алды, Шенген визасын, сақтандыру құжатын ресімдеп, 11 қыркүйекте Дүйсовтар жолға шықты.

Саяхатшылардың бағыты бірнеше елді - Қазақстан, Ресей, Грузия, Түркия, Грекия, Италия және Швейцария арқылы өтті.

Жолда мақаттық отбасы жағымды әсерлер алып, жаңа елдерді аралап, түрлі халықтың мәдениетімен танысты. 19 күндік сапарда 13500 км жол жүріп, 13 мемлекет пен 30 қалада болды. Бұл тәжірибе кәдімгі туристік турлардан ерекшеленді - күн сайын жаңа нәрсе көріп, беймәлім жолдармен жүріп, қызықты адамдарды кездестірді. Сапар барысында Мақат тұрғындары пайдалы лайфхактарды, мысалы, қонақүйде тұру үшін ақша үнемдеу сырын үйренді. «Қалаға іргелес ауылдардағы қонақүйлерге тоқтаған жөн», - дейді Тұрғыт.

Десе де, сапардың басты мақсаты – Қазақстанға сапарын әлі күнге дейін жылылықпен еске алатын ескі достарымен кездесу болатын. Достары Мақатты қонақжайлылықпен және оларды өз үйінде құшақ жая қарсы алған Дүйсовтар отбасымен байланыстырады. Енді мақаттық отбасына солтүстік-батыстағы Алансон қаласында француз қонақжайлығын сезіну кезегі келді. Бұл жерде Патрик пен Маридің үйі орналасқан.

Венеция және тиесілі емес жердегі тұрақ үшін айыппұл

– Бізге бір рет қолданылатын Шенген визасы берілді, Ерік ағаның кеңесімен Грекия арқылы Италияға пароммен баруды жөн көрдік. Жолда әкемнің Ресейдегі досына аялдадық. Содан кейін Грузияға барып, Тбилисиде болдық, жолай Грозный мен Владикавказға соқтық. Керемет пейзаждар өзгеріп отырды. Батуми арқылы Түркияға жеттік. Трабзонға тоқтап, түнедік. Ертеңіне жолға шығып, кешке Стамбулға жеттік. Стамбулды біраз аралап, көрікті жерлерді, соның ішінде Айя Софияны тамашаладық. Еш оқиғасыз өтті, көлігіміз жарты жолда қалдырмады, - дейді Тұрғыт сапар туралы естеліктерімен бөлісіп. – Бізді Еуроодақпен шекарада қатаң тексеретін шығар деген оймен Ыстамбұлдан Грекияға бет алдық. Дегенмен, бәрі жақсы өтті. Олар құжатымызға мөр соғып, бізді кідіріссіз өткізді.

Пароммен сегіз сағат жүргеннен кейін Италияға жеттік.  Жаңбырға қарамастан, Римде жүрген адам да, мотоцикл де көп екен. Колизейде болдық! Сосын Венецияға бардық. Көлігімізді қалаға кіре беріске қалдырып, орталыққа жаяу барамыз деп шештік, оған 2,5 сағат кетті. Қайтып келгенде, көлігімді тиесілі емес жерге қойғаным үшін айыппұл алғанымды білдім. Айыппұлды қайда төлеймін деп іздедім, бірақ ешкім түсіндіре алмады. Одан кейін Миланға бардық, онда көп қазақты, негізінен студенттерді кездестірдік. Милан транзиттік қала, бірақ өте қымбат, тіпті су да қымбат екен.

Келесі күні айыппұлды қай жерде төлеуге болатынын іздеуді жалғастырдым. Ағылшын тілінде сөйлейтін бір итальяндық маған қай жерде екенін көрсетті. Маған екі жыл бойы айыппұлды төлегенім туралы түбіртекті жоғалтпау керектігімді, көлікті тоқтатқан жағдайда керек болатынын ескертті.

Содан кейін Швейцарияға бардық, Женеваға аялдадық. Швейцария - бейтарап ел, Еуропалық Одақтың мүшесі емес, бірақ Шенген аймағына кіреді. Италия шекарасынан өткенімізде шекарашылар көлікпен жеткенімізге таң қалды. Олардың көпшілігі Қазақстан туралы білмейді екен. Бірақ Грекияда елімізді кәсіпқой боксшылардың ұстаханасы ретінде білетін жандарды кездестірдік. Швейцарияда ірі әрі әдемі сиырлар бар екен. Женевадан шығып, Францияға қалай жеткенімізді де байқамай қалдық - шекара көрінбеген еді.

Жылы қарсы алу және мәдени алмасу

Францияда олар алдымен Патрик пен Мари тұратын Алансон қаласына барды. Ерлі-зайыптылар қазақтарды ақ пейілмен қарсы алды. Тоғыз жылдан кейінгі әңгіме бірнеше сағатқа созылды. Француз отбасы қонақтарына қаланы аралатып, қызықты экскурсия ұйымдастырды. Олар Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласына барғысы келетіндерін, келесі жылы Бозжыраға баруды жоспарлағандарын айтты.

Өткен күндер және болашақ жоспарлар туралы әңгімелер, саяхат туралы хикаялар бұл кездесуді ерекше қылды.
Мақаттықтар француздардың қонақжай үйінен кетерде өздерінің тоғыз жыл бұрын жазған хатын көреді.

- Ішім жылып, риза болдым: хатты 9 жыл бойы сақтау деген керемет қасиет, бұл достықты бағалауды, жақсы қарым-қатынасты сақтауды білдіреді, - дейді Тұрғыт.

Осыдан кейін олар Парижге барып, брендті бутиктерді аралаған, Эйфель мұнарасын және басқа да көрікті жерлерді тамашалапты.

Дүйсовтар мен Дуйсбург, Берлин мен Мұстафа Шоқай

Содан кейін отбасы Бельгия мен Голландияны бетке алады. Сол күні Брюссельде «Көліксіз күн» шарасы өтіп, Бельгия шекаралары жабық болатын. Елтай Дүйсов Голландияға баруды ұсынды.

- Олардың мәдениетіне таң қалдық - Еуропада жаппай велосипедке мінеді екен, жеке үйлер мен шіркеулер өте көп.

Тұрғыт әкесіне тосын сый жасауды ұйғарып, әке-шешесін әкесі жиі айтатын Германияның Дуйсбург қаласына апарды. Бұл қаланың атауы Дүйсовтар деген фамилияларына ұқсас екенін қызық көретін. Германияда түріктерді көп кездестірді. Содан кейін олар Брюссельге оралды, астана оларды түнгі жайбарақат тыныштықпен қарсы алды.

Осыдан кейін олар Люксембургке аттанды.

– Бұл ел бізді өзінің сұлулығымен таң қалдырды. Содан кейін біз Ганноверге барып, бір деревняға тоқтадық. Келесі күні Берлинге келдік. Жаңбыр қатты жауып тұрғандықтан, жолда жай жүрдік. Сол жерде Мұстафа Шоқай жерленген зиратқа бардық. Дұға оқығаннан кейін жаңбыр басылып, қаланы жайбарақат аралап, Бундестагты, Бранденбург қақпасын және телемұнараны көрдік, - деп еске алады Тұрғыт.

Қайтар жолда олар Польшаның астанасы Варшаваға барыпты.

Ол жақтағы жолдар өте жақсы. Варшавада түнеп, қаланы араладық. Польша басқа Еуропа елдеріне қарағанда, әсіресе киім-кешек пен азық-түлік бағасы жағынан арзан болып көрінді. Ол жақта көп украиндарды кездестірдік, – дейді Тұрғыт.

Бірінші мәселе – Беларусь пен Ресей арасындағы шекара

Беларусь пен Ресей шекарасында отбасы қиын жағдайға тап болды. Минскіден олар Мәскеуге көлікпен баруы керек еді, бірақ шекарада Беларусь арқылы тек Ресей мен Беларусь азаматтарына ғана өтуге болады екен. Оның үстіне, шекарада Ресей аумағына жеңіл көлікпен кіруге рұқсат жоқ. Отбасында Hyundai Tucson көлігімен өтуге рұқсат құжаты болмады. Бұл жағымсыз тосынсый еді, өйткені олардың көлігі басқа елдердің шекарасын еш қиындықсыз кесіп өтті. Отбасы сапарын жалғастырудың балама жолдарын іздеуге мәжбүр болды.

- Беларусь шекарасында сегіз сағат күтуге тура келді. Ұзын-сонар кезек болды, мен де Брестте TAX FREE құжаттарын толтырдым. Түнде Минскіге жеттік. Ол жерде салыстырмалы түрде бәрі  - бензин, тамақ арзан болды, қонақүйлерде кеңес дәуірінің атмосферасы сезіліп тұрды. Ал кешке қарай Минск шамдары жарқырап, адам танымастай өзгерді. Бірақ біздің өтінішімізге қарамастан, шекарадан өте алмадық, бізге Латвия арқылы өтуді ұсынды. Бізде бір рет қолданылатын Шенген визасы болғандықтан, олар бізді қайта кіргізбес еді – мәселе осында. Бірақ әкеміздің талабымен бұл қадамға баруды ұйғардық, – дейді Тұрғыт.

Бұл бірінші сынақ болды. Латвия шекарасына дейін тағы екі сағат жол жүріп барғанымен, Еуроодақ аумағына қайта кіруге рұқсат етілмеді.

Тұрғыттың әкесі шекарашылар түсіністік танытар деп үміттенгенімен, оларды көндіре алмады.

Дүйсовтер тез арада Минскіге қайта оралып, үйлеріне жетудің басқа жолын қарастыруға мәжбүр болды. Осылайша, көлікті Мәскеуге эвакуациялап, өздеріне ұшаққа билет сатып алу туралы шешім қабылданды.

Қиындықпен үйге оралу

Минскіде отбасы жаңа қиындыққа тап болды: оларға қолайлы әуе билеттері болмады. Ұзақ іздеп, ақыры Мәскеуге ұшатын рейске билеттер сатып алды. Осы уақытта олардың көлігі эвакуатор арқылы Мәскеуге жеткізілді. Мұның бәрі қосымша шығындарға әкелгенімен, көлікті шекарадан өткізудің бір ғана жолы осы болатын. 

- Әкем өзінің аэрофобиясын жеңуге мәжбүр болды. Көлігімді эвакуаторға бермей тұрып, оны видеоға егжей-тегжей түсіріп алдым. Кенеттен бір жерде жоғалып кетсе, көліктің болғанын растайтын дәлел болсын дедім. Бірақ бәрі ойдағыдай болып, оны Мәскеуге аман-есен, еш жері бүлінбей жеткізілгенін көріп, жаным жай тапты. Мәскеудің таксилерінде біраз қиындықтар болып, бірақ достарымыздың арқасында бәрі шешілді, - дейді Тұрғыт Дүйсов өз тәжірибесімен бөлісіп.

Мәскеуге келген соң отбасы жеңілдік сезінеді. Мақатқа дейін қалған жол салыстырмалы түрде жеңіл өтті. Шекарада туған жерге деген сүйіспеншілікті сезінген Тұрғыттың әкесі көзіне жас алды.

...Бұл хикая кездейсоқ кездесулер ұзақ әрі берік достықтың бастауына айналатынын және саяхат әлемнің әр түкпіріндегі адамдарды байланыстыра алатынын дәлелдейтін жарқын мысал.

Тұрғыт тәжірибелі саяхатшыға айналғанын, енді туған елін аралауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Әрине! Елімізде тамашалайтын сұлу жерлер өте көп.

Айнұр САПАРОВА

Дүйсовтардың отбасылық мұрағатынан алынған суреттер

24 қазан, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.