Атырау, 29 желтоқсан 06:12
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Алмагүл ықшамауданындағы​ үйлердің қасбеті қайта құлап жатыр

1 307 просмотра

Алмагүл ықшамауданындағы №17,18,19,22,23 үйдің тұрығындары былтыр жөндеуден өткен көпқабатты үйлерінің қасбеті қыс-көктем айларында қатты желден құлап, әлі күнге дейін жасалмай жатқанын айтады. Алдымызда қыс келе жатыр, жардан ызғар сезілуде деген тұрғындар мәселенің 9 айдан бері шешілмей жатқанына наразы.

- Біздің үйдің қасбеті 2022 жылы желмен құлап қалып, сол қыстан электрлі жылытқыштардың көмегімен шыққанбыз. Кейбір көршілер уақытша туыстарының үйін жағалап кетті. Кейін 2023 жылы үйдің қабырғасының құлаған жерлерін жамап берді. Енді рахатын көреміз дегенде биыл қыста қайтадан түсіп қалып, тағы сол күйге түстік. Сапасыз жөндеудің зардабын тартудамыз, - дейді №17 үй тұрғыны Қайрат Мажитов.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сүйенсек, 2023 жылы Алмагүл ықшамауданындағы №16,17 көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбетін ағымдағы жөндеу үшін "Сенiм 2016" ЖШС мен "Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» арасында келісімшарт жасалып, аталған жұмыстарды жүргізуге бюджеттен 55 млн 104 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар Алмагүл ықшамауданындағы №18,19 үйлердің қасбетін жөндеу жұмыстарына 71млн 225 мың теңге бөлініп, ол жұмыстарды да ашық конкурста «Сенiм 2016» ЖШС ұтып алған.

Ал Алмагүл ықшамауданындағы №22,23 көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбетін ағымдағы жөндеуге  2023 жылы 71 млн 679 мың теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді  "ЕР-НУР СТРОЙ и К" ЖШС ұтып алған. Аталған үйлердің бәрінде де былтыр жөндеу жұмыстары жүргенімен, биыл қайтадан сыр беруде.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бөлінген қаржы шеңберінде Алмагүлдегі үйлердің қасбетіне жәй жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда үйлердің құлап қалған қасбеті қайта қалпына келтіріліп, сырты толық боялып, шатырын жөндеу жұмыстары жүрген.

- Аталған үйлердің жөндеуіне тұрғындардың наразы екенінен хабардармыз. Тұрғындармен мердігер арасында кездесуді де ұйымдастырып, тұрғындар уәждерін айтты. Қазіргі кезде Алмагүлдегі жөндеуден өткен кейбір тұрғын үйлердің шатырынан су кету жағдайлары орын алуда. Бұл мәселе бастапқыда мамандар үйдің шатырына су шашып тексеріп, қабылдап алған кезде болмаған. Дегенмен біз барлық мәселені көрсетіп, маусым айында мердігер мекемеге кепілдік мерзімі аясында қайта жөндеу бойынша хабарлама бердік. Уақытында жөндемеген соң материалдарды сотқа жүктедік. Кепілдік мерзімі бітпей бүлінуіне байланысты, сот шешімімен қайта жасауға міндеттеледі, - деді ТКШ бөлімінің абаттандыру және көгаландыру секторының бас маманы Ербол АЙТҚАЛИЕВ.

Сондай-ақ, әкімдік тұрғындардың мәселесі шешілгенше, соңына дейін барлық шараларды алатынын жеткізді.

Тұрғындардың айтуынша, Алмагүл ықшамауданы тұрғындарын алаңдатқан тек бұл мәселе емес, былтыр Алмагүл ықшамауданындағы үйлердің ауласын абаттандыру мақсатында жаңадан ойын алаңы құрылысы басталып, ол да аяқталмай тұралап қалған. Аталған жұмыстарға былтыр 2 млрд 333 млн 938 мың теңге бөлініп, "SHEBERBUILD" ЖШС мекемесі ұтып алған. Жұмыстар биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

 Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі аталған ықшамаудандағы көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары жобаға өзгеріс енгізуге байланысты уақытша тоқтатылғанын жеткізді.

- Материалдың қымбаттауына байланысты және жобада мердігер өте қымбат материалдарды көрсетуіне байланысты біз қаржыны үнемдеу мақсатында эконом түріне өзгертіп, түзетулер енгіздік. Түзету болған соң қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтеді. Сол себепті жұмыстар уақытынан кешікті. Қазіргі кезде сараптаманың қорытындысы шықты. Мердігер мекеме қараша айының басында жұмыстарды жалғастыратынын айтып хат жолдады, - деді Е. Айтқалиев.

Айтуынша, бүгінгі күнге дейін жұмыстардың жартысынан көбі аяқталған.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді тұрғындар жолдады

 

24 қазан, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.