Атырау, 2 қараша 16:01
 дождьВ Атырау +16.3
$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65

Қазақстанда дипфейк арқылы банк жүйелерін айналып өтетін алаяқтар анықталды

73 рет қаралды

Қазақстанда алаяқтардың банктердегі биометриялық тексеруден дипфейктердің көмегімен айналып өткен жағдайлары тіркелді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде (ҚНРДА) LS редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Реттеуші органның мәліметінше, мұндай жағдайлар соңғы үш жылда болған және жекелеген сипатта болған. Тексерудің айналып өтілуінің негізгі себебі – қаржы ұйымдарының өздері белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтамауы.

Алаяқтар қорғаныс жүйесін қалай айналып өтеді және олармен қалай күресіп жатыр?

ҚНРДА қолданыстағы биометриялық аутентификация ережелері жасанды интеллект төндіретін қауіптерден, соның ішінде онлайн несие мен микрокредит рәсімдеу кезінде қорғануға жеткілікті екенін атап өтті.

Жүйе жалған бейне немесе фотосуретті емес, нақты адамды тануы үшін бірқатар қатаң талапқа сай болуы керек:

  • Интерактивті тапсырмалар: тексеру кезінде алгоритм кемінде үш кездейсоқ тапсырма береді (мысалы, көзді жұму, басты бұру). Клиент оларды тікелей эфирде орындауы тиіс;

  • Сәйкестік дәлдігі: ағымдағы бейнекадр деректер базасындағы эталондық суретпен кемінде 95 пайызға сәйкес келуі керек;

  • Әрекет санына шектеу: үш рет сәтсіз әрекет жасалғаннан кейін жүйе аутентификацияны автоматты түрде бұғаттайды;

  • Камераны алмастырудан қорғау: бағдарламалық жасақтама эмуляторларда іске қосылу әрекеттерін бақылап, нақты бейнеағынның орнына жасанды интеллект жасаған бейнені жіберуге жол бермеуі тиіс.

Әр тексеруден кейін клиенттің ЖСН-і, рәсімнің уақыты мен нәтижелері көрсетілген электрондық құжат жасалады. Оған провайдердің электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылып, банк жүйесінде сақталады.

Эталондық фотосуреттер қайдан алынады?

Қызметтерді қашықтан рәсімдеу кезінде клиенттің суреті мемлекеттік деректер базаларындағы мәліметтермен (паспорт немесе жеке куәлік ауыстырылған кезде ондағы ақпарат жаңартылады) не провайдердің верификацияланған базасымен салыстырылады. Деректер кемінде бес жыл бойы шифрланған түрде сақталады.

Реттеуші орган биометриялық жүйелердің сенімділігі мен клиенттердің деректерінің сақталуына банктер мен микроқаржы ұйымдарының тікелей жауапты екенін ерекше атап өтті.

Жеке деректеріңізге қауіп төнсе, не істеу керек?

Алаяқтыққа немесе жеке деректердің таралып кетуіне күдік туған жағдайда ҚНРДА мынадай әрекеттерді кідіріссіз орындауға кеңес береді:

  1. Дереу банкке хабарласып, шоттарды немесе есептік жазбаны бұғаттау;

  2. Полицияға арыз беру;

  3. Қолда бар барлық дәлелді қоса тіркеп, ҚНРДА-ға ресми өтініш жолдау.

Бүгін, 14:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.