
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға сапары кезінде Республика даңғылы бойымен «Инженерная» аялдамасына дейін трамваймен жүріп өтті. Мемлекет басшысы қалпына келтірілген көлік жүйесінің жұмысымен танысып, металлургтер қаласының ұзақ уақыт бойы қараусыз қалғанын, алайда қазір жағдай біртіндеп өзгеріп келе жатқанын айтты.
Сапар барысында Президент жүргізілген жұмыстардың сапасын және жаңартылған трамвай инфрақұрылымының толыққанды пайдалануға дайындық деңгейін өзі бағалады.
Ақорданың мәліметінше, Теміртауда трамвай қатынасы 2024 жылы Qarmet компаниясының күшімен қалпына келтірілген. Қатынас қайта жанданғалы бері жолаушылар трамваймен миллионнан астам рет сапарлаған.
Қалада жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын трамвай жолдары қалпына келтіріліп, ауыстырылды. Сондай-ақ сегіз жаңа заманауи вагон сатып алынды.
Көлік электронды жолақы төлеу жүйесімен жабдықталған. Ал Qarmet кәсіпорнының қызметкерлері мен ардагерлері трамваймен тегін жүреді.
«Теміртау үшін трамвай – дәуірлер сабақтастығы»
Qarmet басшылығымен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев трамвай қатынасын қалпына келтірудің қала үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтті.
«Шынында да, Теміртау үшін трамвай – дәуірлер сабақтастығы. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіруді талап еткені және сіздердің бұл өтінішке құлақ асқандарыңыз дұрыс болды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұған дейін металлургия кәсіпорнының басшылығына Теміртауды абаттандыруға көңіл бөлуді тапсырғанын еске салды.
Тоқаевтың айтуынша, қалада елеулі өзгерістер қажет болған.
«Қала қараусыз қалған еді»
Президент Теміртаудың жағдайы мен қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары туралы да пікір білдірді.
«Сіз комбинатқа келген кезде мен Теміртауды абаттандырумен міндетті түрде айналысу керектігін айтқанмын. Қала қараусыз қалған еді. Мұнда әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен алғашқы қадам жасалды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол қаланы газдандыру жұмыстарына және өзі атап өткендей, тұрғындар байқап отырған оң өзгерістерге тоқталды.
«Теміртау тұрғындары газбен қамтамасыз етілді. Менің білуімше, халықтың көңіл күйі жақсы, өйткені адамдар оң өзгерістерді байқап, алғысын білдіріп жатыр. Менің түсінуімше, еңбек ұжымының да көңіл күйі айтарлықтай жақсарған», – деді Президент.
Тоқаев металлургия кәсіпорнының алдағы уақытта да дамитынына сенім білдірді.
«Ең бастысы – оң үрдістердің болуы. Біз комбинатты міндетті түрде прогрестің, табыстың, тіпті, сіздерге айтарым, өркендеудің символына айналдырамыз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Трамвайлар неліктен тоқтап қалды?
Еске салайық, Теміртауда трамвай қатынасы 2023 жылғы ақпанда тоқтатылған болатын.
Бұл көлік түрін қайта іске қосу металлургия комбинатының жаңа иесі – Qarmet компаниясының бастамаларының бірі болды.
2024 жылы кәсіпорын трамвай жолдарын, байланыс желілерін және оларға іргелес инфрақұрылымды жаңартуға кірісті. Сол жылдың күзінде жаңа вагондармен сынақ сапарлары басталды.

Жаңа трамвайлар жылыту және кондиционерлеу жүйелерімен, заманауи жарықтандыру құралдарымен және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жабдықтармен жарақталған. Төмен едені мен жиналмалы пандустары қозғалысы шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарастырылған.
Енді Ақорданың мәліметінше, қалпына келтірілген желіде сегіз жаңа вагон қатынап жүр. Ал трамвай қозғалысы қайта жанданғалы бері жолаушылар сапарының жалпы саны миллионнан асты.
В Атырау +16.3