3 шілдеде «Мұнайшы» спорт кешенінің алдындағы алаңда Балықшылар күні мерекесі тойланды. Иә, мереке бұдан 15 және одан да көп жыл бұрын тойлағандай әсерлі емес. Ол кездері Жайықта балықшылар флотилиясының шеруі өтетін. Түрлі түсті жалаушалармен безендірілген үлкен теңіз кемелері, баркастар және басқа да катерлер өзен портынан орталық көпірге дейін жүретін. Ал адамдар жағалаудан қызықтап тұратын...
БАЛЫҚШЫДАН ДИХАНШЫҒА АЙНАЛУДА
Балық аулау саласының екпінділері Жалғас ҚҰБАШЕВ, Өмірзақ АЗБЕРГЕН, Құттыбай ЖАКЕНОВ, Жұмабек ШАЛҚАРОВ, Мұхамбет ЖҰМАҒАЛИЕВ, Бақтығали САҒАТОВ және тағы басқалар облыс және қала әкімдерінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Соңғы бірнеше ай балықшылар үшін мазасыз болды. Наурыздың басында 14 балық аулау кооперативтерінің басшыларын Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылық инспекциясына (балық қорғау инспекциясы) шақырып алып, олармен жасалған балық аулау шартары бұзылатындығы туралы мәлімдеді («Мәселені төтесінен қойды» мақаласын қараңыз). Кейін анықталғандай, балық қорғау инспекциясында кооперативтерге қатысты ұсақ заң бұзушылықтар хаттамасы жиналып қалып, табиғат қорғау прокуратурасы заң бұзушыларға қатаң шаралар қолдануды талап етіп жатыр екен. Құдайға шүкір, іс балық аулау рұқсаттарын тартып алуға дейін жетпеді және артельдер дер кезінде ау салып үлгерді.
Наурыз айының соңында балық қорғау инспекциясының табиғатты пайдаланушыларына жасаған кезекті жиналысында бір қайыққа 3 вентерден артық салуға болмайды деп жарияланды («Мәселені төтесінен қойды-2» мақаласын қараңыз). Бұрын балықшылардың әр қайығы 30-50 вентер салып келген. Қадағалаушы орган өз сөзінде тұрды және қайықтарында нормадан артық ау құралдары бар балықшылар теңізге жіберілмеді.
15 сәуірде көктемгі балық аулау маусымын Жайық өзені бойынша - мұз кеткеннен 11 мамырға дейін (бұрын 24 сәуірге дейін болды), Қиғаш өзені бойынша – мұз кеткеннен 25 мамырға дейін (бұрын 30 сәуірге дейін болды) ұзартылатыны туралы үкімет қаулысы шықты («Көктемгі балық аулау маусымы ұзартылды» мақаласын қараңыз). Бұл, әрине, қуанышты хабар еді. Алайда, балықшылардың қуанышы ұзаққа созылмады. 26 сәуірде болған Бас прокуратураның селекторлық кеңесінде Бас прокурордың орынбасары бұл қаулының күшін жою туралы талап қойды («Астанадан келіп, алқымнан алады» мақаласын қараңыз). Бұл мамыр айының басында қоршаған ортаны қорғау министрлігінің сайтында Жайық-Каспий бассейнінің балықшылары 3 мамырдан бастап кәсіпшілік балық аулауды өз еріктерімен тоқтатты деген хабарламаның шығуына себеп болды («Балықшыларды «еріктілер» деп жазған» мақаласын қараңыз). Шын мәнінде балық аулау артельдеріне балық қорғау инспекциясынан телефон соғып, балық аулауды тоқтатуды бұйырған. Балықшылар биылғы табыс өткен жылғыдан да (былтырғы жылы олар лимитті орындамаған еді) нашар болғанын мойындады.
Шілденің осы жайма-шуақ күніндегі «Інжу-Маржан» балық аулау кооперативінің директоры Гүлфара ИСМАҒҰЛОВАНЫҢ көңіл-күйі мерекелік деп айтуға келмес. Ол өзеннен балық аулау лимитін 20%-ға, теңізде 40%-ға ғана орындағанын айтты. Ең төменгі жалақы – 50 мың теңге, ұжымда екі жүзден аса адам жұмыс жасайды.
- Өткен жылы табыс бұдан бірталай көп болып еді,- дейді Гүлфара Айтқұлқызы өкінішін жасыра алмай. – Күзгі маусымға лимиттің 65%-ы қалды. Орындай аламыз ба, жоқ па, білмеймін. Біздің еншілес «Махамбет-Даниял» шаруа қожалығымыз бар, биыл онда 40 гектар жерге көкөніс дақылдарын ектік. Балықшылардың кейбіреулеріне диханшы болуға тура келетін шығар.
«ТАЛАПТЫ КҮШЕЙТЕ БЕРУДІҢ ҚАЖЕТІ НЕ?»
Мерекеде біз Республикалық балықшылар мен балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Әзиз ШОТҚАРАЕВТЫ (суретте) кездестірдік. Ол бүгінде қауымдастық құрамында 48 заңды тұлға бар екенін айтты. Қауымдастықтың құрылтайшылары: ҚР Балық аулау спортының федерациясы, Қазақ аңшылық және балық аулау одағы және «Қазақстан балық шаруашылығы» бірлестігі боп табылады. Оған облысымыздың «Амангелді», «Інжу-Маржан», «Жамбыл», «Құрманғазы», «Каспий-Балық», «Ақсу-Қиғаш» сияқты ірі балық аулау кооперативтері кіреді.
- Бір қайыққа 3 вентер нормасын белгілеуге болмайды,- дейді Ә. Шотқараев сеніммен.– Бұл дұрыс емес, өйткені 20-30 келі балық шығындарды жаба алмайды. Біз мұнымен мүлдем келіспейміз. Қиғаш өзенінің ресейлік бөлігінде бір қайық 50 вентерге дейін салады. Бұл бір қайықтағы екі адамның 2-3 сағаттық жұмысы.
Жүргізілген талдау балық аулау кооперативтері көктемгі балық аулау маусымында жылға берілген лимиттің тек ширек бөлігін ғана игергенін көрсетті. Лимиттің қалған бөлігін күзгі маусымда ешкім орындай алмайды деп сөз бере аламын. Жайықта судың аз болуына байланысты балықтар теңізден өзенге кіре алмай жатқанын да ескерген жөн. Егер балық аулау жоспарын орындай алмай жатсақ, қалай ауласақ та бәрі бір емес пе?
Бұл мәселеде, менің ойымша, басшылыққа алатын екі қағида бар. Егер қалыпты жағдайда, жауапкершілікпен ауласақ, балық қалпына келетін ресурс болып табылады. Екіншіден, мемлекеттің міндеті - балық аулау көлемінің жоғарғы шегін, яғни, лимиттерді белгілеу ғана. Біз мұны рұқсат етілген мерзімдерде ғана аулаймыз. Бұдан артық талаптарды күшейте берудің қажеті не?
Біз алдымен қоршаған ортаны қорғау министрлігіне өзара әріптестік жөнінде меморандумға қол қоюды ұсынуды жоспарлап отырмыз. Содан кейін балық аулау режимдерін жеңілдетуді ұсынамыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ