Атырау, 20 сәуір 21:28
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Мәселені төтесінен қойды-2

3 016 просмотра

20 наурызда Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясында болған (балық қорғау инспекциясы) жиналыста «Ракуша» балық аулау кооперативінің өкілі қандай бұзушылықтар үшін балық аулау шарты бұзылатынын анықтап беруді сұрады.

БАЛЫҚШЫЛАР РЕЗЕРВАТҚА ТЫҒЫЛАДЫ

Естеріңізге салсақ, 7 наурызда балық қорғау инспекциясында балықшы артельдер өкілдерімен болған алдыңғы жиналыста инспекторларда бұзушылықтар туралы материалдардың көбейіп кеткеніне және табиғат қорғау прокуратурасы шаралар қабылдауды талап етіп жатқанына байланысты сот арқылы шарттарды бұзу туралы қорқытулар орын алған еді («АЖ» 14.03.13 ж., №11 «Мәселені төтесінен қойды» мақаласын қараңыз).

«Ракуша» өкілі өзінің маңызды сұрағына жиналыста жауап ала алмады. Оны біз жиналыстан соң, балық қорғау инспекциясы бастығының орынбасары Мәншүк ТЕМЕШЕВАДАН алдық.

- Балық аулау кооперативтерімен шарттарды бұзу себептерінің бірі – олардың Балық шаруашылығын жүргізу жоспарларын орындамаулары. 2006 жылы балық аулау тартымдарын 10 жылға жалға алу барысында олар осы жоспарға қол қойған және сол бойынша қайта жаңғыртуға, суландыруға және кері жабдықталуға қаражат бөлулері керек. Мәселен, өз қуаттарын қайта жабдықтау туралы тармақты кооперативтердің бірде-бірі орындамайды. Теңізден балық аулайтын кемелер сатып алынған жоқ. Ал «Ақжайық» резерваты акваториясында балық аулағаны үшін салынатын айыппұлдар туралы айтсаң, біздің қайықтар ашық теңізде балық аулауға арналмаған деп сылтауратады, - деді М. Темешева.– Шарттарды бұзудың келесі бір себебі балық аулау ережелерін жүйелі бұзу болып табылады. Біз әлі жинақталып қалған әкімшілік материалдарды сотқа беру процедурасына кіріскен жоқпыз. Қазір өз балық аулау шаруашылықтарының үстінен материалдарды сотқа Маңғыстау балық инспекциясы беріп жатыр. Солардан кейін біз беретін боламыз.

Жиналыстың өзінде қызықты жайттар аз болмады. «Ақжайық» резерваты директорының орынбасары Арман ҚҰРМАНБАЕВ:

- Резерват акваториясы бойынша ашық теңізге біз балықшыларды қайықпен Зарослый және №4, 5 және 6 өзектер арқылы, тәуліктің тек жарық мезгілінде шығуға рұқсат етеміз. Қос тігіп, база жасауға болмайды. Қайықтағылар резерват аумағында болғаны үшін символикалық соманы төлеулері керек (Салық кодексіне сәйкес, резерватта бір күн болғаны үшін АЕК-тің 0,01 пайызы мөлшерінде төлем алынады, бүгінде бұл адам басына 17 теңге 31 тиын.М. С.).Өзен сағаларында жаға бойына резерваттың қорық қызметінің екі бекеті орналасқан.

Резерваттың бас маманы Әлімғали ДАУЫЛБАЕВ:

- Жыл сайын бір нәрсе қайталанады да отырады. Балықшылар резерваттың акваториясына, қолтықтағы айдынға құралдарын салады. Хаттама толтыра бастасаң, «бізге басшыларымыз осы жерге құрал салыңдар» деп айтты дейді. Сіздер (кооператив төрағалары) өз кабинеттеріңізде отырасыздар, ал қызметкерлеріңіз кез келген жерге  құрал сала береді. Сіздер оларға координаттарды көрсетіп, спутниктік GPS навигаторларын алып берулеріңіз керек. Осы жылдан бастап біз ешкімді аямаймыз, барлық құқық бұзушыларға материалдар ресімдеп, прокуратураға жібереміз. Балықшылар қаншама рет балыққа толы қайықтарын тайыз суларға батырды, ұя басып жатқан құстарды қаншама рет мазалады...

 

ВЕНТЕРЛЕР ТУРАЛЫ СӨЗ

Балық қорғау инспекциясының бастығы Әлібек БҰХАРБАЕВ:

- Егер балық қорғау инспекторлары «жоспар үшін» ойдан шығарылған бұзушылық хаттамаларына қол қоюды өтінсе, бірден маған хабарласыңыздар, мен оларды жұмыстан шығарамын! Өз қарамағымдағыларға айтатыным, егер ау құралдары дұрыс құрылмаған болса, бірден хаттама толтырмай, ең бірінші заңды түрде қалай балық аулау керектігін көрсетіңіздер... Балық аулауға қанша қосалқы мердігер жалдауды өздеріңіз шешіңіздер, алайда олар жасаған құқықбұзушылықтарға сіздер де жауапты болатындарыңызды ұмытпаңыздар.

Ә. Бұхарбаевтың вентермен аулау көлемін (вентерлік құралдар бір жақ шеті тұйықталған цилиндр тәріздес болады. – М. С.) қысқарту туралы әңгімесі залды қыздыра түсті:

- Маған балық шаруашылығы институты филиалы директорының орынбасары Юлия КИМ вентерлермен балық аулаудың көбеюі балық қорларын азайтып жатыр деген болатын. Ал менің білуімше, сіздер әр қайықтан 30 вентерге дейін саласыздар. Осы жылдан бастап тек 3 вентерден салуға рұқсат етемін!

Жиналыстан кейін «Абылайхан» ЖШС-нің директоры Еркін КУШАЛИЕВТЕН балық қорғау инспекциясы бастығының сөзіне түсінік беруін сұрадық:

- Вентерлер – бұл кеңестік кезден қолданылып келе жатқан балық аулаудың зиянсыз әдісі. Вентерлерге кәсіпшілік емес мөлшердегі балықтар түсіп қалмас үшін оның көздерін нормалауға болады. Егер қайық басына 3 вентер нормасын енгізсе, ешбір балық аулау шаруашылықтары лимитті орындай алмайды. Кемінде әр қайықта 15-20 вентер болуы тиіс.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 наурыз 2013, 16:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.