Атырау, 22 қараша 13:30
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атырау Қытай мен Англияның саяхатшыларын қарсы алды

Сурет
782 просмотра

Бір күнде Атырауға төрт саяхатшы: электромобиль мінген қытай-малайзиялық ерлі-зайыптылар мен жаяу жүрген екі ағылшын қатар келді.

Туристердің баратын жерлері мен саяхат ету мақсаттары түрлі болғанымен, олар Атырауда қалалық «Атырау Номадс» клубының арқасында танысып, достасып кетті.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

«Атырау Номадс» клубының құрылғанына төрт жыл болды. Клубта алыс сапарға шығуды ұнататын мыңнан астам азамат бар. Клубта атыраулықтар адамдар сирек немесе керісінше жиі табан тірейтін жерлерге жолмен және жаяу жүру маршруттарын бөліседі. Саяхатшылардың WhatsApp чатына кісінің көптігінен қолданба шектеулеріне байланысты артық қабылдай алмайды. Чатта саяхатшылар қай жерде демалуға және дәмді тағамдарды жеуге болатыны туралы ақпаратпен бөліседі, қандай жерлер баруға тұрарлық, ақылы жолдар, сақтандыру, жанармай құю станциялары және көлікпен ұзақ сапарда ескеру қажет басқа да маңызды жайттар туралы әңгімелейді.

Глория және Фан Юху

Малайзиялық 35 жастағы Глория мен қытайлық 54 жастағы Фан Юху Аспанасты елінен бір жылдан астам уақыт бұрын, дәлірек айтсақ, 2023 жылдың 16 қыркүйегінде аттанған. Олар ондаған елде болып, Атыраудан кейін сапарын жалғастырып, ауаны ластамай, 800 күнде 100 елді аралап, рекорд орнатып, Гиннесс кітабына енуді жоспарлап отыр.

«Біз Қазақстанда электромобильімізді қуаттай алмаймыз ба деп уайымдадық. Мұнда тек далалық жер мен киіз үйлер бар деп ойлап, қатты қателескен екенбіз, – дейді Глория. – Сөйтсек өте дамыған ел екен, мұнда тамаша, қонақжай халық тұрады екен».

Қонақжайлылыққа келетін болсақ, шындығында да солай. Саяхатшылардың қуанышына орай Номад клубының мүшелері оларды өз бауырларындай қарсы алды. Клуб мүшелерінің арасында қытай тілін жақсы білетін қыз болды, сондықтан тілдесуде қиындықтар болмады.

Ерлі-зайыптылар Атырауда қазан айы осындай суық болады деп күтпегендерін де айтты.

Экология бесендісі ретінде «АЖ» олар Қазақстанның мұнай астанасына келгендерін біле ме деп сұрады. Саяхатшылар мұны иіс арқылы болжаған екен.

Қалада олар «Еуропа» деген жазуы бар орталық көпірдің беседкасында суретке түсіп, «екі құрлықтың  – Еуропа мен Азияның шекаралары түйіскен екі өркениеттің торабында» болғандарына қуанышты еді.

Олар біздің жолдарымызда жүру негізінен тегін екен деп мақтап, жалпы елімізде көлік аз екенін атап өтті.

Фан Юху көлігіне орналастырған жарнаманың және пандемияға дейін осындай сапардан кейін жазған кітабын сатудан түскен ақшаның арқасында сапарлауға мүмкін болғанын айтты. Ерлі-зайыптылар қытай тіліндегі кітабымен суретке түскісі келді, біз қарсы болмадық, өйткені олардың бұдан кейінгі сапары оның сатылымына байланысты болмақ.

Айтпақшы, Фан Юху алғаш рет басқа жолмен жүрген және ол кезде әйелі Глория жанында болмаған.

Қытайлық жігіт ұзақ сапарын өмірлік серігін іздеуге арнағанын айтты. Оған Ресейден әйел табуға кеңес беріпті, өйткені ол жерде Қытайдағыдай қалыңдық үшін қомақты ақша төлеуге тура келмейді. Екатеринбургте танысқан қалыңдық мүлдем саяхаттағысы келмеген, ал АҚШ-тан тапқан басқа қалыңдық одан қалуды, жұмысқа тұрып, балалы болуды өтінген.

Ол өзінің сүйікті Глориясын Малайзияда кездестіріпті: саяхаттауды армандап жүрген қыз көп ойланбастан, туристтің үйлену туралы ұсынысын қабылдаған. Малайзиялық сүйіктісі ғана емес, өмірдегі пайдалы серігі де болды. Ол ағылшын тілін біледі екен, бұл адамдармен сөйлесу кезінде тілдік кедергіні айтарлықтай азайтқан. Содан бері олар бірге саяхаттап, мәдениеттерінің айырмашылығына қарамастан, жақсы тіл табысады, экологиялық ойлау тұрғысында көзқарастары да бірдей.

Уильям мен Доминик

«Атырау Номадс»-та өткен кездесуде «АЖ» тілшісі Англиядан келген екі дос – Уильям мен Доминикпен де танысты. Ағылшындар автостоппен саяхат жасайды және Instagram-да саяхаттары туралы белсенді түрде блог жүргізеді. Өздері барған жерлері мен ондағы адамдар туралы шағын жазбалар жазады. Олардың Түркия туралы жазбалары көп. Шамасы, бұл ел оларды қатты қайран қалдырған. Өйткені сол жерде осы екі христиан Ислам дінін қабылдаған. Уильям енді Абдулкарим, ал Доминик Мұстафа деген есім алған.

«Біз Түркияда Ислам туралы көп нәрсеге қанық болып, оның бізге жақын екенін түсіндік, - дейді Уильям-Абдулкарим, - сондықтан біз дінімізді өзгертуді ұйғардық».

Достар Ресей туралы да жылы лебіздерін білдірді, оның сұлулығына және адамдардың саяхатшыларға деген жылы көзқарасына таң қалған. Бұл олардың Қазақстанға алғаш рет келуі, оларға бәрі ұнапты. Оларды шекарашылардың қарым-қатынасы ғана қынжылтқан.

«Олар соншалықты көп оғаш сұрақтар қояды, ашығын айтсақ, біз олардан қорқамыз, - дейді саяхатшылар. - Біз жабайы жануарлардан да қорқамыз, өйткені кейде орманға, далаға түнеуге тура келеді. Орыс орманында екі қонжығы бар аналық аюды кездестірдік, бірақ, бағымызға орай, бізге тиген жоқ. Әйтпесе өте өкінішті болар еді».

Ертеңіне саяхатшылар теңіз жағасы біраз жылы болар деген үмітпен Ақтауға қарай сапарлады. Біз олардың көңіл-күйін түсіргіміз келмеді.

Айтпақшы, ағылшындардың жету нүктесі – Үндістан. Олардың ортақ достарының тойы сонда өтуі керек екен. Олар үйлеріне ұшақпен қайтуды жоспарлап отыр.

«Әр қонақ – қызықты хикая»

2017 жылдан бері шетелдік саяхатшыларды қарсы алатын «Атырау Номадс» клубының мүшесі Бекболат СЫРЫМОВ осы жылдар ішінде оған 200-ден астам адам мейман боп кеткенін айтты.

- Бұл коучсерфинг бағдарламасының арқасында мүмкін болды. Бұл басқа елдің тұрғындары саяхатшыларды біраз уақытқа қонаққа шақыратын қонақжайлылықтың бір түрі. Тұрғын үй іздеу қызметі арқылы туристер саяхат уақытында тегін үй таба алады. Мұндай өзара әрекеттесу түрінде ақы алынбайды. Ал мен үшін бұл әлемнің түрлі елінен келген адамдармен танысып, араласудың тамаша мүмкіндігі, – дейді Бекболат. – Мен өзім саяхаттауды жақсы көремін, бірақ соңғы кездері бұл мүмкін болмай жүр – отбасым, жұмысым бар дегендей, білесіз ғой, сондықтан менің үйімдегі әрбір қонақ - ең алдымен, жаңа, қызықты және өз аузынан есту мүмкіндігі. Бұл саяхатшылар биыл келген 30-шы адамдар. Байқағаным, Атырау арқылы өтетін Жібек жолы туристер арасында күннен-күнге танымал бола түсуде, бұл мені қатты қуантады.

Сол сенбі күні кешке саяхатшыларға маклюбе деп аталатын тағам ұсынылды. Ағылшындар ет пен көкөніс қосылып, күріштен жасалған бұл араб тағамын бұрын жеп көрген екен. Бірақ қытай-малайзиялық жұп үшін бұл олардың алғашқы тәжірибесі болды. Айтпақшы, барша саяхатшылар Қазақстаннан дәм татқан ұлттық тағамдарымызды мақтады.

Айтпақшы, өткен күні таңертең Уильям қымыздың дәмін алғаш рет татып, «оның дәм сезу рецепторлары қайран қалып,  содан бері оны ұнатып қалғанын» айтты. Енді британдық саяхатшы Астрахань трассасында жүргізушінің ымдасып, ишара арқылы жылқы еті мен шұбаттың дәмін тәттілеп жеткізгені сонша, олардың да дәмін көруге құштар екенін жеткізді.

Ақтаулықтардың құлағына алтын сырға: «Егер бұл тағамдардың дәмін татсам, риза болар едім», - дейді жаһангер жігіт. 

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА 

Суреттерді түсірген автор

14 қазан, 15:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.