2025 жылдың 6 қаңтарында Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен облыстық экология департаментінің басшысы Дастан Тілеубеков ұсталды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Шенеунік экология саласындағы рұқсат құжаттарын бергені үшін кәсіпкерден 2,5 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде.
Ағымдағы жылдың 8 қаңтарында ол соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда, басқа адамдардың қатыстылығы тексерілуде.
Антикор 2024 жылдың 26 тамызында күдікті бизнесті қорғау жобасы аясында кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтеді. Ол кәсіпкерге қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы тоқсан сайынғы есеп беру туралы заңсыз талаптар қойған.
Тілеубеков 2022 жылдың қыркүйегінде Ұлытау облысы бойынша экология департаментін басқарды. 1999 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Өнеркәсіптік экология» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын «Нова Цинк» кәсіпорнында эколог болып бастаған. 2003 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, бас маманнан бақылау департаментінің бөлім бастығына дейін көтерілді. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ол Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Экологиялық сараптама және рұқсаттар басқармасын басқарған.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ