Атырау, 1 қазан 16:26
 ашықВ Атырау +17
$ 481.19
€ 538.45
₽ 5.18

Қазақстан қарияларына қандай жағдай жасаған

92 просмотра
liter.kz

Қарты бар үйдің – қазынасы бар. Қазақстан жыл сайын 1 қазан күні ақсақалдары мен әжелерін құрметтеп, сый-құрмет көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күнін атап өтеді. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады.

Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.

100 жастан асқан қарияларымыз қай өңірлерде тұрады?

Елімізде шамамен 2 млн 372 мың адам зейнеткер бар. Олардың ішінде 423 азамат 100 жасаған және одан да үлкен жаста.

Еңбекминінің мәліметінше, жасы ең үлкен кейуана Ұлытау облысында тұрады, ақ жаулықты әжеміз биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өтті.

Ең ұзақ өмір сүретіндер еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек деуге болады. Мәселен, Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 64 адам бар. Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша еліміздегі екінші орында ең ірі қаламыздың бірі – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады.

Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам тұрады.

Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 114 жас, Павлодар облысы – 112 жас, Түркістан облысы – 110 жас.

Жас топтары

2023 жылдың басында елдегі егде жастағы халықтың үлес салмағы 11,4 пайызды немесе 2,2 млн адамды құрады. 2018 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 7,3 пайыз болған.

2022 жылға дейін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының бюллетеньдерінде халықаралық стандарттар бойынша жас топтары былай көрсетілді:

  • балалар — 14 жасқа дейін,
  • еңбекке қабілетті халық — 15 жастан 64 жасқа дейін,
  • қарттар — 65 жастан асқан.

Қазақстандықтар жасы бойынша қай кезде зейнетке шыға алады:

  • ерлер үшін — 63 жас,
  • әйелдер үшін — 61 жас.

Әр қарияға 9 мың теңгеден

Қарттар күніне орай елордада ата-әжелерімізге 2,5 АЕК (9 230 теңге) көлемінде біржолғы ақшалай төлем беріледі. Оны 107 мың елордалық алады. Оған шамамен 989,2 млн теңге жұмсалады.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі атап өткендей, бұл көмекті басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысу, мүгедектік, көпбалалылық және заңнамада белгіленген басқа да негіздер бойынша мемлекеттен төлем алмаған зейнеткерлерге беріледі.

Төлемдер екі кезеңде жүзеге асырылады. Дәлірек айтқанда, оның бір бөлігі қыркүйектің соңында, бір бөлігі қазанның басында.

Еліміздің басқа өңірлері де қарияларына атаулы мерекеге орай қолдау көрсетеді.

Елімізде қанша зейнеткер бар

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 237,2 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 389,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 848 млрд теңге қарастырылды.

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 372 мың адам.

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 399 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 729 теңге, базалық зейнетақы – 42 670 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Айта кетейік, республикалық бюджет 2025 жылдан бастап зейнетақыны ұлғайтуды жоспарлап отыр. Базалық зейнетақы төлемдері ұлғайтылады.

  • зейнетақының ең төменгі мөлшері - 62 771 теңге (қазір 57 853 теңге);
  • базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 32 360 теңге (қазір 28 215 теңге).

Бұл ретте жасы мен еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, олардың әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асырып келеді.

Республикада 50-ден аса белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары “бір терезе” қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс. Орталықтардың қызметі егде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, ат-сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), егде жастағы адамдарды тәуелсіздікпен қамтамасыз етуге, қазақстандық қоғам өміріне қатысуға бағытталған.

Бүгін, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.