Сенат депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысының Махамбет ауданына барып, көктемгі су тасқынының салдарын жою жұмыстарының нәтижесімен және әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Аудандың мәслихаттың депутаттарымен және жергілікті тұрғындармен кездесуде депутат тасқыннан зардап шеккен нысандарды күрделі жөндеу, сондай-ақ, қалпына келтіру мәселелеріне тоқталып өтті. Ауданды сумен қамтамасыз ететін нысанды реконструкциялау барысы да назардан тыс қалған жоқ. Одан бөлек, сенатор Таңдау ауылында салынып жатқан спорт кешенінің және елдімекен ішіндегі жолдың құрылысымен танысып, аталған жобаларды аяқтау үшін қолға алынуға тиіс шараларды талқылады.
Сонымен қатар Сенат депутаты Индер ауданына барды. Онда тұрғын үй және жол құрылысының қарқынына баса мән берілді. Аудандық мәслихаттың депутаттарымен, Қоғамдық кеңестің мүшелерімен және ардагерлермен кездесуде Парламент депутаты денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы проблемаларды, мүлікті сақтандыру, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бағыттарындағы мәселелерді сөз етті.
Сапар кезінде сенатор Атырау облысының әкімімен де кездесіп, су тасқынының салдарын, атыраулықтардың әлеуметтік ахуалын және жол құрылысын талқылады. Кездесуде инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де әңгімеге арқау болды.