Атырау, 3 қараша 12:17
 дождьВ Атырау +10
$ 453.64
€ 508.17
₽ 5.59

​Ұлттық ұлан сарбаздары QR-код арқылы шағым жолдай алады

72 рет қаралды
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілер мен қолбасшылық арасындағы байланысты жақсарту үшін отандық цифрлық шешімдерді қолдана бастады. Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімінде Aitu мессенджері негізінде әзірленген «ULAN SENIM» жүйесі сынақтан өтіп жатыр.

Жаңа платформа әскерилерге QR-кодты сканерлеу арқылы қолбасшылыққа анонимді түрде өтініш немесе шағым жолдауға мүмкіндік береді. Жүйені пайдалану тәртібі өте қарапайым: қызметкер өтініш санатын таңдап, мәселенің мән-жайын жазып жібереді. Әрбір өтінішке жеке бірегей нөмір беріліп, оны қарауға заңмен үш күн уақыт бөлінеді.

Платформа арқылы келіп түсетін өтініштер әскери қызметтің әртүрлі бағыттарын қамтиды:

  • Заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлық пен лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың алдын алу;

  • Әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, материалдық қамтамасыз ету және әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау;

  • Моральдық-психологиялық ахуал, жеке құрам арасындағы келіспеушіліктер немесе қызметті жақсартуға бағытталған ұсыныстар.

Мәселен, сарбаздар асхана мәзірін жаңартуды, күн тәртібіне өзгеріс енгізуді немесе демалыс күндерін ұйымдастыруды осы жүйе арқылы жеткізе алады. Қолбасшылық құрам үшін түскен өтініштердің орындалуын бақылайтын арнайы жеке кабинет қарастырылған. Өтініш иесі де жүйе арқылы өз өтінішінің мәртебесін қадағалап, тарихын көре алады.

Қазіргі уақытта 6654 әскери бөлімінде өтіп жатқан сынақ кезеңінде платформаның мүмкіндіктері толық тексеріліп жатыр. Пилоттық жоба барысында анықталған кемшіліктер түзетілген соң, бұл жүйені Ұлттық ұланның барлық әскери бөліміне енгізу мәселесі қарастырылады.

Бүгін, 10:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.